АУРУ ӨРШІСЕ АУРУХАНАЛАРДА ТӨСЕК-ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ БОЛМАЙДЫ

Жыл соңына дейін елімізде кезең-кезеңімен 6 миллион адамға коронавирусқа қарсы екпе салынады. Жаппай вакцинациялау 1-ақпаннан бастап қолға алынады.
Бұл туралы еліміздің Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында айтты. Тиісті ведомства басшысы бұл меже орындалатын болса, елдегі
эпидахуал жақсара түсетінін алға тартады. Еліміздің бас дәрігерінің сөзінше ресейлік «Спутник V» екпесін азаматтарға егу кезең-кезеңімен жүргізіледі.
Мәселен, ең бірінші кезекте екпе инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдем қызметі, жан сақтау бөлімі, алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметі, ауруханалардың қабылдау бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтегі 100 мың адамға салынады.

Ал наурыз айында басталатын екінші кезеңде препаратты жалпы білім беретін мектептердің мұғалімдері, ЖОО оқытушылары, ведомстволық медицина қызметінің мамандары қабылдайды. Үшінші кезеңдегі вакцинациялау мектеп-интернаттарының педагогтарына, балалар мен мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлеріне, студенттерге, созылмалы аурулары бар азаматтар арасында жүргізіледі.
Төртінші кезеңде тәртіп сақшыларына, төтеншеліктерге, ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері мен стационарлардағы медицина қызметкерлеріне салынады. Одан кейінгі кезеңде жабық балалар мекемелерінің қызметкерлері мен созылмалы аурулары бар адамдарға жүргізіледі.
Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой алғашқы жартыжылдықта 2 млн. адамның вакцинациядан өтуі елде коронавируспен тіркелген науқастар санын 40 мыңға дейін азайтуы мүмкін екенін атап өтті. Вакцинациядан өткен азаматтардың барлығы электрондық түрде тіркеліп, тиісті базада сақталатын болады.
Бұдан бөлек Алексей Цой наурызда эпидахуал өршіп, тәулігіне 9 мың науқас тіркелуі мүмкін екендігі туралы болжам айтты. Сол кезде ауруханалар 42 мың науқасқа дейін толығуы мүмкін. Министр ауруханадағы төсек-орындар саны 52 мыңға шақталғанын, сондықтан да орын тапшылығы болмайтынын айтып сендіріп отыр. Десе де қатаң карантиндік шаралар қабылданатын ескертті.
Ағымдағы жылдың 20-қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде коронавируспен тіркелген науқастар саны 171232-ге жеткен. 155397 адам емделіп шықса, 2403 адам көз жұмған. Ал өткен жылдың 1-тамызынан бастап ковидтік пневманиямен сырқаттанған науқастар саны 47 мыңға жуықтаған.
Қазақстанда алты аймақ, атап айтқанда, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы «қызыл аймаққа» еніп отыр.

«Уақыт».