ҮКІМЕТ ҚҰРАМЫ АЙТАРЛЫҚТАЙ ӨЗГЕРМЕДІ
Сайлау күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев заң бойынша Үкімет сайлаудан соң отставкаға кетуі қажеттігін айтқан еді. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесінен соң жұрт Үкімет құрамы жаңара түседі деп болжаған. Тіпті Асқар Маминнің Әлихан Смайылов, Ералы Тоғжанов мен Роман Скляр сынды орынбасарларының бірінің айы оңынан туып, министрлер кабинетін басқаруы мүмкін екендігі туралы болжамдар айтылған. Асқар-Маминнің өзі қайта тағайындалуы да ғажап емес деген сөздер де болған. Бірақ 15-қаңтар күні таңертең Асқар Маминнің қызметінен кеткені хабарланған соң, жұрт бұл ойынан сәл айнығандай болған. Бірақ…
Бірер сағаттан соң Асқар Ұзақбайұлы көп ұзаттырмай жылы орнына қайта жайғасып-ақ кетті. Төменгі палатаға оның кандидатурасын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынды. Отырысқа қатысқан 99 депутаттың 78-і Асқар Маминнің кандидатурасын қолдады.
Қалған депутаттар қалыс қалды. Олар «Ақ жол» мен «Қазақстан халық партиясынан» сайланған халық қалаулылары еді. Тоқаев бұл саяси ұйым өкілдерінің қалыс қалуын кандидатқа қарсы дауыс беру деп емес, жәй ғана қалыс қалу дегенді білдіретінін айтты. Бірақ Президенттің бұл сөзіне қалыс қалған депутаттардың бас изегенін байқамадық.
Жалпы мемлекет басшысының Төменгі палата депутаттарына Асқар Маминнің кандидатурасын ұсыну кезінде шілде айында коронавирусқа байланысты өңірлерде ауру көрсеткіші өршіген кезде жағдайды уыстан шығарып алған Үкімет басшысына қарата шенеуніктер дәрі-дәрмектердің және ауруханалардағы орынның жетіспеушілігін реттемесе министрлер кабинетін отставкаға жіберуге дайын екені туралы ескертуін қаперіне алмаған сияқты.
Осылайшы ел тәуелсіздігі жылдарында 12-рет қайта құрылған Үкіметтің құрамында айтарлықтай өзгеріс болмады.
2019 жылы Премьер-министр болып тағайындалған Асқар Мамин қайтадан Үкімет басшысы болып бекітілгенін жоғарыда айтып өттік. Ол бұл қызметке 2019 жылдың ақпан айында тағайындалған болатын. Сол кезде Асқар Мамин басшы болып бекітілген Үкімет 70 пайызға жаңартылған еді.
Ал бұл жолы Үкімет үйіндегі тек екі министр ғана қызметінен кетті. Қалғанының барлығы жылы орнын сақтап қалды.
Үкіметтегі екі жаңа министрдің бірі Серік Шәпкенов болса, екіншісі Әсет Ирғалиев. Алғашқысы Еңбек және әлеуметтік қорғау саласы министрлігін тізгіндейді. Ал 34 жастағы Әсет Ирғалиев Ұлттық экономика министрлігін басқарады. Екеуі де бұған дейін өздері басшылық ететін ведомствада вице-министр қызметін атқарған.
Қалған министрлердің барлығы өз қызметтеріне қайта тағайындалды. Тек Сыртқы істер министрі болып қайта тағайындалған Мұхтар Тілеуберді енді Премьер-министрдің орынбасары қызметін қатар алып жүретін болды.
С.НҰРАЙ.