ХАЛЫҚ АВТОБУСТА ТЕГІН ЖҮРЕДІ

Әйтеновтің айтқаны өзіне таяқ болып тимей ме?

Кешегі жұмада Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы жүргізген тікелей эфир барысында қоғамдық көлік мәселесіне қатысты жоспарларын айтты. Қала басшысы дәл сол күнгі эфирін қоғамдық көлік мәселесіне қатысты тұрғындар сұрағына жауап беруге арнайтынын  алдын ала хабарлаған. Тиісінше сұрақтарды сол кезден бастап жолдай беруді де ескерткен. 

 

Қала әкімінің сөзінше былтыр қоғамдық көліктерде «Tolem» электрондық билет жүйесінің енгізілуі табысты көрсеткіштерге бастап отыр. Естеріңізге сала кетсек, былтыр қазан айының ортасынан бастап қаладағы қоғамдық көліктерде электронды төлем жүйесі енгізілген болатын. Содан бүгінге дейін (15-қаңтарға дейін) жолаушылар «Tolem» жүйесі арқылы 5 млн.755 мың транзакция жасаған. Бұл транзакциялар арқылы 370 млн. теңге қаржы жиналған. Транзакциялардың 91 пайызы «Tolem» карталары арқылы, қалғаны қолма қол арқылы жүргізілген.
Осы сандарды сөйлеткен Мұрат Дүйсенбекұлы қала тұрғындарының қоғамдық көліктерде жүруі кезінде электронды төлемге көшу туралы жаңа жобаны жатырқамай қабылдап, оған тез бейімделгенін де атап өтті.
Сонымен қатар ол, дәл осы «Tolem» электрондық төлемақы жүйесі бойынша көп автобустарда валидаторлардың істемей, қондырғылардың карталардан жолақысын қабылдамай жататыны туралы шағымдар көптеп түсетініне тоқтала келе «Қаланың барлық аумағында интернет сигналының болуын қамтамасыз ету байланыс компанияларына қойылған негізгі талап. Бірақ біраз аумақтарда интернеттің әлсіздігі анық байқалып отыр. Мұны ретке келтіруге біз осы айдың аяғына дейін уақыт беріп отырмыз. Соған сәйкес 1-ақпаннан бастап жолаушылар валидатор істемеген жағдайда жол ақысын төлемей, тегін жүре алады»,-деп қадап айтты.
Әкімнің бұл талабы жолаушыларды тасымалдайтын компанияларға, автобус жүргізушілері мен ондағы кондукторларға ұнай қоймайтыны анық. Себебі олар жолаушыларға «жол ақысын қолма қол бере аласыз ба, валидатор істемей жатыр?» дегенді айта алмайтын болды. Кондукторлардың бұл дегені шын сөз не сылтау екенін тап басып айту қиын әрине. Енді олар жолаушыларды тегін тасымалдамау үшін бұлай қиылып, өтініш айта алмайды. Десе де, валидаторлардың техникалық құрылғы екені бәрімізге аян. Олар да істен шығып қалуы ғажап емес. Міне сол кезде кондуктор мен жолаушылар арасында түсінбестік туып, соңы айғайға ұласып кетсе ше? Не де болса, даудың басы «Әйтеновтің айтқанынан болды» деп күмілжіп жүрмейік.
Бұдан бөлек, Мұрат Әйтенов 2020 жылы қаладағы автобустардың 50 пайыздан астамы жаңарғанын, биыл бұл көрсеткішті 80 пайызға жеткізу жоспарланғанын мәлімдеді. Қаланың экологиясын жақсарту үшін жолаушылар тасымалдайтын 1000 автобустың 590-ны газ метанға өткізілген. 2019 жылы қалада жолаушылар тасымалымен 26 компания айналысса, былтыр олардың саны 19-ға дейін кеміген. Әкім компания санының азаюын сапалы қызметті қамтамасыз ету бағытында қойылған талаптарға бірқатар мекемелердің дайын болмауымен түсіндірді.
Мұрат Дүйсенбекұлы жолдарда көлік ағынының көптігі белгілі бір бағыттар бойынша автобустардың арасындағы интервалдың сақталуына кері әсерін тигізіп жатқанын, бұл мәселеден шығу үшін кейбір көшелердегі жолақтар қоғамдық көліктерге арналатынын хабарлады. Бұл туралы ол:
– Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары бұл мәселені шешу үшін қоғамдық көліктер үшін жолдарда арнайы жолақтар қойған. Осы тәжірибені өзімізде жүзеге асыру үшін қаладағы 8 көшені белгілеп алдық, Олар Тәуке хан, Республика, Бәйдібек би, Нұр Сұлтан даңғылы мен Т. Рысқұлов, Төлеби, Темірлан тас жолы, Жібек жолы көшелері. Бұл көшелерде үш жолақ бар. Ондағы бір жолақты қоғамдық көліктер қозғалысына арнасақ, автобус бағыттарының жүру кестесі сақталады деп ойлаймыз. Пилоттық жоба ретінде арнайы жолақтар әуелі Республика, Тәуке хан даңғылдары мен Т. Рысқұлов көшесіне енгізіледі. Егер ол нәтижесін берсе, алдын ала белгіленген көшелерге арнайы жолақ қоямыз,-деді.
Сонымен қатар М. Әйтенов қазіргі таңда қалада 10 бағыт бойынша 130 газель жолаушыларды тасымалдап жүргенін, биыл олардың саны 30-ға дейін қысқаратынын айтты. Келер күннің еншісіне белгіленген тағы бір жұмыс ол жүргізушілердің қоғаммен жұмыс істеудегі мәдениетін қалыптастыратын курстардың ашылатыны. Онда автобус жүргізушілері қызметтік тәртіпті сақтау, жолаушыларға дөрекі мінез көрсетпеу сынды 30 сағаттық дәріс тыңдап, сертификат алады. Келешекте мұндай сертификаты жоқ азаматтар қоғамдық көлік жүргізушісі қызметіне қабылданбайтыны да айтылды.
Әйтеуір, сертификат алу саудаға айналып кетпесе игі еді…