«ШЫМКЕНТ-ЦИРК» КӨРЕРМЕНДЕРІН ҚУАНТАДЫ

Шымкентте «Аңсыз цирк» республикалық бірегей жобасы қолға алынады.
Бұл туралы Шымкент ақпараттық-коммуникациялық орталық алаңында «Шымкент-цирк» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны директорының м.а. Нұрлан Әділханов мәлімдеді.

Жоба туралы Н. Әділханов «Биыл Шымкент қаласының циркіне 10 жыл толып отыр. Әлемдегі ең жас цирк болғанына қарамастан біздің ұжым әртістері халықаралық байқаулар мен фестивальдерден жүлделі орындармен оралып келеді. Бүгінде цирк жағдайын жақсарту, аңсыз қойылымдар жасау экспериментін жүзеге асыру үшін республика көлеміндегі эксперт-мамандарды арнайы шақырып отырмыз. Алдағы наурыз мерекесіне орай цирк майталмандарымен көрерменге канадалық «Дю Солей» циркінің үздік әдістемелерін пайдаланып, ұлттық колоритті сақтап, жаңа қойылым дайындауға кірісіп кеттік»,-деді.
Жиынға Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінің директоры М.Қадыров, «Астаналық цирк» мекемесі директорының орынбасары В.Бернадский мен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық цирк фестивальдерінің жеті дүркін жүлдегері, сайқымазақ жанрының шебері М.Мұтұрғанов қатысты.
Спикердің сөзінше, «Шымкент-цирк» алдағы уақытта клоунада, шапито, джигитовка, каскадерлік, жонглерлік және эквилибристика, әуе гимнасттары бағыттарында жұмыс жасайды. Сонымен қатар тек Шымкент қаласында бар шапито арқылы балаларға арналған қойылыммен цирк ұжымы еліміздің өзге өңірлеріне гастрольдік сапарға шығатын болады.
Өз кезегінде мекеме басшысы цирктегі аңдарға қатысты «Бізде арыстан, пони, жыландарымыз бен аттарымыз бар. Олар қатысатын бағдарамалар дайын. Бірақ олармен гастрольдік сапар жасау қазіргідей пандемия кезінде өте қиын. Сондықтан да «Аңсыз цирк» жобасын қолға алып отырмыз», — деп мәлімдеді.