ТҮРКІСТАН: 1400 ДАНА «ТАЙҒАҚ ЖОЛ» БЕЛГІСІ ҚОЙЫЛДЫ
Түркістан облысы аумағында 19-қаңтарға дейінгі жағдай бойынша 5 адам қар құрсауынан құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілген.
Бұл туралы облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы Талғат Досалиев мәлімдеді.
Департамент басшысы қыс маусымы басталғаннан бері бүгінге дейін қолайсыз ауа райының орын алуына орай 7 республикалық, облыстық маңыздағы автомобиль жолдарының жабылуы орын алған. Ол жерлерде авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 21 техника тиісті мамандар жұмылдырылған. Барлық жолдар төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлері тарапынан бақылауға алынған.
Талғат Досалиев облыс аумағындағы республикалық және облыстық маңызы бар жолдардағы асуларда 11 жылыту бекеті бар екенін, олардың барлығы төсек-орын, электр қозғалтқыштары және көмір-отындарымен қамтамасыз етілген айта келе «жолдарды қардан тазалауға тұз себу, құм шашу жұмыстарына жалпы 550-ге жуық адам және 178 техника бірлігі тартылған. Сондай-ақ, 1400 дана «Тайғақ жол» белгісі орнатылған»,- деді.
Сондай-ақ ол көктем мезгілі қарсаңында су тасқыны салдарын алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Осы мақсатта су айдындарының қауіпті учаскелерін әуеден шолу бойынша күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде екен.
Жалпы Түркістан облысында 40 су қоймасы бар. Олардың ішінде Ақсүмбе, Бақырлы, Ащы су қоймаларына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.