ЖЕТІСАЙЛЫҚ ДИҚАНДАР ЖҰРТ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУҒА КІРІСІП КЕТТІ

Түркістан облысы Жетісай ауданының Атамекен, Ералиев ауыл округтерінің диқандары егін егуді бастап кетті. Олар көктемде жиып-терілетін қырыққабат дақылдарын 12 гектар жерге отырғызып үлгерген. Диқандар қаңтардың әрбір күнін тиімді пайдаланса, айналдырған екі айдың ішінде өнім алады.

Қатал қаңтарға қарамастан егіншілікке кірісіп кеткен «Ұлман ата» шаруа қожалығының төрағасы Бақыт Қорғанбаев қырыққабат көшетін егуді тіпті желтоқсан айында бастаған. Қожалық иесі «Біздің аудан ерте көктем шығатын аймаққа жатады. Жылда ауа райының осындай қолайлылығын тиімді пайдаланып, егістік жұмыстарын ерте бастауға қамданамыз. Қазіргі таңда 2 гектар аумаққа қырыққабат отырғыздық. Өткен жылы осы жерден 70 тонна өнім алғанбыз. Биыл өнім көлемін 100 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деп, алдағы күннен зор табыс күтеді.
Ал Ералиев ауылдық округінің диқаны Нұрбол Әметов қырыққабат өсіруде тамшылатып суғару технологиясын осымен екінші жыл қатарынан қолға алып келеді. Несібесін еңбектен айырған шаруа тамшылатып суғару әдісі өнім көлемін 2 есеге арттыратынын айтады.
Жетісайлық диқандар негізінен қырыққабаттың 65 күнде пісетін «Заказ» және «Валикор» сорттарын отырғызуда.
Айта кетейік, жалпы ауданда биыл 78 500 гектар аумаққа егіс егіу жоспарланып отыр. Соның 1000 гектары ерте пісетін қырыққабатқа арналған. Өткен жылы ауданда 1007 гектарға қырыққабат егіліп, одан 36 мың тонна өнім жиналған.