КЕДЕРГІСІЗ ОРТА ҚАЛАНЫҢ БАРЛЫҚ АУМАҒЫНДА САҚТАЛУЫ ТИІС
Түрксітан қаласының әкімі Рашид Аюпов мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін маңызы зор «Nur Otan» партиясының бастамасымен қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасының жандануына білек сыбана кірісетінін айтты.
Бұл туралы жоспарын ол қаладағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездескен жиында мәлімдеді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтiк қорғалуын қамтамасыз ету, олардың қоғаммен етене араласуы үшiн тең мүмкiндiктер жасау мәселелері талқыланған жиында Рашид Абатұлы қалалық әкімдікке қарасты барлық ғимараттың кіре-берісінде арнайы шақыру белгісі (кнопка вызова) орнатылуы қажеттігін айтты. Қол астындағы қызметкерлеріне бұл бағыттағы тапсырманы ақпан айының соңына дейін аяқтауды жүктеді. Және де наурыз айынан бастап пандустарды бір стандартқа келтіру бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізуді қолға алу қажеттігін ескертті.
Жиында ол мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту бойынша ағымдағы жылы белсенді жұмыс жасалатынын айтып өтіп, ҮЕҰ өкілдерін әкімдікпен бірлесіп, қолдау көрсетуге шақырды.
Жиында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сапасын арттыру мақсатында облыс орталығындағы кәсіпкерлік нысандар, қызмет көрсету орталықтары, халық көп шоғырланатын өзге де нысандардағы пандустардың болуы міндетті екені айтылды. Бұл мәселе барлық мекемелерде қарастырылғанына көз жеткізу үшін арнайы мониторинг топ тексеру жүргізетін болады. Топ мүшелері мониторинг барысында жинақталған ескертпе және ұсыныстарын айына бір рет әкімдікке жеткізіп отырады.
Жалпы Рашид Абатұлы бұған дейін де бірнеше рет пандустар мәселесін көтерген. Естеріңізде болса, 2019 жылдың қарашасында қала әкімі Рашид Аюпов пандустардың қаншалықты ыңғайлы екеніне өзі көз жеткізу үшін бірқатар мекемелерді қоларбамен аралап, қолайсыз пандустарды анықтаған болатын.