«АСАР» САУАП ІСТЕР АТҚАРДЫ
Түркістан қаласындағы «Асар» еріктілер ұйымының құрылғанына 1 жыл толып отыр. Бұл ұйымның құрылуы туралы алғашқы ұсынысты қала әкімі Рашид Аюпов жастармен болған кездесуі кезінде көтерген. Еріктілер жылындағы қала басшысының ұсынысы жастар тарапынан зор қолдау тауып, «Асар» ұйымы өз жұмысын бастап кеткен. Сол кезде Төребай Асқарұлы «Асар» еріктілер ұйымының төрағасы және қала әкімінің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалған.
Былтыр бұл ұйым құрылған кезде алдағы уақытқа талай жұмыстарды жоспарлаған. Бірақ коронавирусқа жалғасқан пандемия салдарынан көп жоспарлар кейінге шегерілді. Десе де 200-ге жуық азаматтан тұратын ұйым індетті желеу етіп, әу бастағы ұстанымынан айныған жоқ. Олар COVID-19 індеті қала аумағында өрши түскен уақытта 25 мың бетпердені тұрғындарға тегін үлестірді. Халық көп шоғырланатын мекемелер аумағында кезек реттілігін және әлеуметтік арақашықтықты сақтауды тік тұрып бақылап отырды. Түркістан қалалық орталық ауруханасындағы емделушілер үшін үш оттегі аппаратын сыйға тартты. Аз қамтылған отбасыларға азық-түлік пакеттерін беріп, өртенген 3 үйге жәрдем көрсетті. Сондай-ақ, бақылау бекеттерінде қызмет еткен полиция, дәрігер және басқа азаматтарды ыстық тамақпен қамтыды. Мақтааралдағы жағдайда да тұрғындарға көмек көрсетті.
Жыл соңында еріктілер еселі еңбегі үшін марапатталып, қалаға сіңірген еңбегі мен көрсеткен жанашырлығы үшін медальдарға ие болды.