Өмірдің мөлтек сырлары

Ләйланың наны

(мөлтек сыр)
«Үлкеен бала-а-ауу..» деген дауысы естілетіндей, құлағымда жаңғырып тұр.
«Шит-еее-кк, әй, Шитеее-еек, қайдасың?» Ауладағы екінші дауыс осылай шығатын. «Үлкен баласы» менмін, атымды атамайтын. «Шитегі» інім Қасым еді.
Анамыз 16 жасында босаға аттағаннан кейін араға алты жыл салып дүниеге мен келіппін. Қазақтың қашанғы әдеті емес пе, тұңғыш немересін ата-әжесіне беретін. Мені де осы дәстүр бойынша ата-енесінің бауырына тапсырған. Ләйлә тұңғыш ұлым деп емес, туған қайнысындай көрді. Жеңгесіндей сезіндіріп, мені есімімді атаған емес. «Үлкен бала» деген сайын өзімді үлкен сезінетінмін. Ата дәстүрін берік ұстап, ата-енесіне адалдық танытып, шаңырақтың берекесін арттыруға күш салды. Оның ізгілігі қарапайым да абзал мінезімен астасып, адамдық мәртебесін биіктете түсетін. Жеңгем ретінде болған соң мен де оны өз есімімен «Ләйлә» деп атадым.
Атамыз қайтыс болған соң, кейбір абысындары мені меңзеп: «Өз балаңыз емес пе, атын атай бермейсіз бе?» — дегенін тіпті түсінбейтінмін. Мен үшін мұндай «жат әңгіме» айтатындарды түсінгім де келмейтін әрі жек көретінмін. Әдейі мені қорқыту үшін солай дейтін болар деп ол сөзге мән де бермейтінмін. Ондайда Ләйланың: «Атамның аманатына қиянат жасай алмаймын», дегенін де талай рет естігенмін.
Бала кезден дәмі таңдайымда қалған Ләйләнің буы бұрқырап пісетін тандыр нанындай тіл үйірер тағамды өз басым еш жерден кездестірмедім. Тынтай апамыз ыстық нанға майды араластырып бергенде, біздер, балалар таласып-тармасып жататынбыз. Тыным таппайтын. Ертелі-кеш ауыр тірліктер атқаратын, шаршау дегенді мүлдем білмейтін. Түбінен кесілген алып ағашты көтеріп алып келіп, оны балтамен өзі жарып, отқа дайындайтын.Тандыры жанып, қазаны қайнап, самауырыны екі иінінен дем алып тұратын. Қолының шын мәнінде қасиеті бар еді. Тандырдағы жанып тұрған шоқты қолымен ұстап лезде самаурынға салып жіберетін. Сонда да қолы күймейтін. Осылай тандырға да, табаға да нан пісіріп, еті асылып, дастарханы жайнап кететін. Жұрттың бәрі үлбіреп піскен Ләйләнің нанына қызығатын, арнайы сұрап алдыратын. Інім Қасым Кеңес Армиясынан, сонау Чехословакиядан: «Ләйләнің тандыр нанын қатты сағынып жүрмін», – деп хат жазушы еді…
Ауырып жүргенде ауылға барғанымда «Үлкен бала, саған ризамын» деп қайталай берді. «Неге?» деп сұрағанымда «Жалпы айтып қоя салайыншы» деген едім» деді. Тура 31 желтоқсан күні інім Қасымның үйіне барып, «Жақында үлкен бала Астанадан келеді, дұрыстап бір күтіп жіберіңдерші» депті. Түнде апаммен сөйлесіп отырып, жаңа жылға екі сағат қалғанда енесіне «а-пп-а-а-а» деген күйі фәниден бақиға жүріп кеткен.
Бір жиен немереміздің есімін Ләйлә деп қойғамыз. Бүгін сол келді үйге, «Менің есімімнің нағашы әжемнің атымен қойылғанын білемін» дейді ол.
Өмірден өткеніңе бүгін міне он төрт жыл толыпты. Өткенді еске алып, құран бағыштауға ниет жасаудамыз. Үйдегі келін нан пісіруде, біртүрлі мұрынға Ләйланың нанының иісі келетіндей…

 

БӨРЖАРЫМДАҒЫ БӘЙТЕРЕГІМ МЕНІҢ!

(мөлтек сыр)

Туған жерім Бөржарыма жол түскенде Бәйтерегіме арнайы соғамын. Менде екі Бәйтерек бар. Біреуі қара шаңырақтағы атаммен қалған қара тал. Ол туралы талай жазғанмын.
Бәйтерек дегеннің мағынасы зәулім ағаш әрі тірек, сүйеніш дегенді де білдіреді. Шынында менің қолдаушым, айнымас тірегім десем де болады. 1977 жылы көктемде яғни 43 жыл бұрын оқушы кезімізде сенбілікте еккен көшетім еді. Тіп-тік кішкентай ғана шыбық терек-тұғын. Әр барған сайын балалығымнан бастап, өмірімнің әрбір жылдар жылнамасына куәгер болып келе жатқан, тектіліктің белгісіндей тұлғаланып тұратын сүйікті ағашымды туғанымды көргендей:
— Бөржарым болмағанда қайтер едім,
Сенде туған бағым бар қайта менің!
Балалықтың бал дәмін ұсынатын
Саған келдім мен бүгін, Бәйтерегім!

Саған келсем кеземін ой-тереңін,
Сағыныш қой, айтайын қай себебін.
Өткенімнің өшпейтін естелігі,
Армысың, аласармас Бәйтерегім! — деп амандасамын. Сағынғанымнан болса керек, қашанда өзгермейтін байсалды қалпымен қарсы алатын оны ел қариясына жолыққандай құшақтай аламын, тағзым етемін, сырласамын. Ия, табиғаттың тірі перзенті емес пе, кәдімгідей ізгілікті энергия сыйлайды. Бұл маған бата бергендей әсер етеді. Ал бүгінде төбемізден қараса да бір жылылықпен жолыққан сайын іштей тілеулестігін білдіретіндей. Тура менің туған жер төсіндегі өмірімнің ақжолтай тілеушіме айналған алтын жүректі, ең жақын әрі қымбат, қимас жанашырымдай.
Осы қимасыма қамқор, өте бауырмал әрі өте жауапкершілікті інім, марқұм Қасым қырық жыл бойы әр кез «Әк-і-іі-м, уайымдама, еккен талың аман-есен өсіп келеді, үнемі қарап жүрмін» деп хабар беретін. Кейінгі жылдары «Әкі-і-ім, талың Бәйтерекке айналды, енді жау алмайды, сонда да менің бақылауымда» дейтін. Осы жолы да ең қымбат мекенімнің мен үшін символына айналған талды мерейлі жасқа келгенде құшақтап, сырласып, тебіреніп, ұзақ тұрдым. Соңғы рет осыдан үш жыл бұрын мейірімі бөлек ініммен бірге келгенбіз. Бұл жолы қарайлап, жаны ашып жүретін, барған сайын қасымнан табылатын Қасымымның жоқтығын бәйтерегім де сезгендей. Бұл жолы менің тұмарымдай талыма амандасуға жалғыз барғым келмей, өмірдегі асыл бәйтерегім — тоқсанға таяған әкемді, інім Кәрімді ертіп бардым. Көп адамға айтпаған Бәйтерекке қатысты іштегі құпияны жария еттім. Жанарымда мөлдір моншақтар пайда болды…Ал жүрегім іштегі сансыз сырларымен үнсіз арпалысуда…
Бөржарымның әр сәті, әр тасы қымбат. Мына Бәйтерегімнің жанындағы Мәдениет үйінде 1984 жылы жұртқа кеңінен танылған » Шаттық» ойын-сауық отауын ұйымдастырып ем, алғашқы сатиралық шығармаларымды ағам Пернехан екеуміз осында орындап ек. Мұнда менің шақыруыммен композитор Сүгірәлі Сапарәлиев өз әндерін, журналист досым Төрекелді Байтасов тілегін жеткізсе, ақын Әбілда Аймақ сырнайымен Сүгірәлінің әндерін, сатирик Мұхтар Шерім өз сықақтарын, Сейіткерім Нұранов өз әндерін орындаса, Сұлтан Ысқақ атамыздың 80 жылдығына орай халықаралық ақындар айтысын да осында өткізіп ек. Тәушен апай, Өзбекстаннан Мекембай Омаров бастаған ақындар, Есенқұл Жақыпбеков, Абаш Кәкенов, Шорабек Айдаров, Айтақын Бұлғақов, Ермек Жұматаев, Ақмарал Леубаева сынды айтыскерлер, Құрманәлі Жылқыбай, Сәбит Әбдірайымов, Ғалымжан Зиябек, Әсет Дидарбековтей әдеби бірлестігіміздің мүшелері және т.б. іздері бар. Киелі сахнасында оқушы, мұғалім кезімде талай кештерді, сайыстарды, кездесулерді жүргізіп ем. Өзімнің де, өзім ұйытқы болған Қосжан Мүсірепов атындағы әдеби бірлестіктің де талай кештерін осында өткізіп ем. Айтпақшы осы өнер ошағы туралы алғаш рет 1976 жылы пайдалануға берілгенде оқушы Әкім сүйінші сұрап, сол кездегі республикалық «Социалистік Қазақстан» мен «Лениншіл жасқа» шағын мақала да жазған еді…
Арнайы қарсы алып, осынау жаныма ыстық Мәдениет үйін аралатқан, өткенді сағынышпен еске түсірткен, маған арналған бұрышты таныстырған елгезек те сан түрлі өнер иесі Құралбек Досанов бауырыма мың алғыс!
Жасай бер, жанымның жалауы, алтын бесік Бөржарым, ондағы мен үшін асылдай ардақ, қазынадай қымбат, сан кездесулерімнің куәсі, тілекшім, баға жетпес Бәйтерегім менің!

 

Өмірге құштарлық

(эссе)

Мен бір нәрседен қатты қорқамын.
Ол адами суықтықтан! Адам біткен не себепті
бір-біріне салқын тартып барады?
Күннің қызуы азаймаса да пенде біткеннің жүрегінің
жылуы қайда жоғалып барады? Қайда?

Шын мәнінде, адам адамнан көп нәрсе күтпейді ғой. Бар жоғы адамдық ықылас пен көңіл ғана. Ешкім өзге үшін «тау қопарып, тасты жарып» бермес. Жетпей, жетімсіреп жатқаны да, шаршатып, аңсатып жүргені де, таза ниетпен сыйласу емес пе? Бар керегі жүрекке жара салмау, дөрекі болмау, намысқа тимеу, өсек айтпау, күндемеу, тілдемеу ғана ғой. Адам хайуан емес қой. Адамды адам ретінде бағаласаң болғаны.
Самарқау салқындық көп жолды бөгейді. Жақынды алыстатады. Алысты жау етеді. Адамды ауыртатын да, уайымшыл ететін де, тіпті өлтіретін де осы бір немқұрайлық пен надан көрсоқырлық емес пе? Өткенге үңілсең, осыдан қаншама жандар азап шеккенін білесің. Заман өзгерсе де, әлі де сол баяғы қателіктерді қайталауда. Сонда да өмірге деген іңкәрлікті ізгілікке, адамдарға деген ниеттестікті шаттыққа айналдырып, бойдағы жалынды, дарынды сақтай білсек ұтқанымыз емес пе?
Қандай жағдайда да осынау жарық дүниеге, ыстық өмірге деген құштарлықты жоғалтпауға тиістіміз.Кейде сағат санап, сәт санап жүрегің дүрсілдей жөнелетіні бар. Жанши түседі. Әрине, алдағы күнге алаңдайсың. Адам деген есейген сайын мазасыздығы, тынымсыздығы асқына бастаған аурудай күн кешеді ме екен? Бәлкім, осынау қиын кезеңде солай болуы заңды ма?
Сіз тау басында мұзды қақ жарып өскен еңлікгүлді көрдіңіз бе? Мен сонау бала кезде көрдім. Алғаш рет тауға шыққанда ғой. Нағыз биіктікті сезіндім. Айнала салқын болса да күнге құштар көңілінің арқасында өмір сүріп тұрғанын, бар екенін сездірген өсімдік бұл! Жан-жағын ызғар басып, суықтық жайласа да қайсарлықпен мойымай, сұлулық пен нәзіктікті паш етіп тұр. Еңлікгүл! Аты да қандай әдемі еді. Ештеңеге қарамай өзіңді дәлелдей білу де ерлік емес пе? Маған қатты әсер еткен сол сәтте іштей «Ерлікгүл» деп атап кеттім. Шынында нәзік гүлдің мына ғажап тірлігі ерлікке пара-пар емес пе!
Тағы да мысал. Мәселен, саңырауқұлақтарды алайықшы. Осы бір табиғаттың сезімтал өсімдігіне саусағыңыз тиіп кетсе сынып қалады. Ал өр рухы өте күшті! Өскен жерін зер салып байқасаңыз 2 см асфальтті де, тіпті кейде тасты да жарып шығады. Міне өмір сүйгіштің белгісі.
Әрине, оңай емес те. Әйтсе де осыларға қарап, мықты екенімізді көрсете білейік. Адамның да өмірге деген құштарлығы осындай болса керек. Қанша ауыр болса да өмірді сүймей болмайды!

 

ӘППАҚ ҚАР. АЯЛЫ АЛАҚАН. МАХАББАТ ҚҰДІРЕТІ

(мөлтек сыр)

Әбілдә Аймақ рухына

Әппақ ақ ұлпа ақша қар. Дүние біткен ақ көрпеге оранған. Аздап аяз бар. Әйтсе де күн көзі ашық. Осы аязды күннен де сұлулықты сезінуге болады екен-ау. Көктегі күннің сәулесі ақ қарға түсіп, ақ ұлпа қуанғандай күй кешіп, жалт-жұлт етеді.
Саябақтың іші бейне бір суретшінің қолынан шыққан картинасындай. Мезгіл сәніне мән берген ағаштардың бәрі әппақ тон киіп алғандай әсер етеді. Қыз бен жігіт қана осынау тыныштықтықты бұзғысы келгендей бір-біріне қар лақтыруда. Әлден соң қыздың қолы суыққа тоңды ма, қолын үрлеп, ысқылауға көшті. Жігіт қыздың қолын ұстады да, алақанының табымен жылыта бастады.
– Түүү қолың неткен ыст-ы-ыық…
Қыздың сыңғырлай күлген күлкісі естілді.
– Жүрегім ыстық қой, содан болар…
Жігіт жылы жымиды.
– Алақанның мұншама ыстық болатынын енді сезінудемін…
– Ол шынайы сезімнің әсерінен болар…
– Бәрі де мүмкін…
Қыздың күміс күлкісі тағы естілді. Артынша төменнен қарды іліп алды да жігіттің алақанына салып жіберді.
– Мына қар да тоңып қалыпты…
Алақанға түскен қар лезде еріп кетті.
– Жылылықтың құдіреті-ай… Бұл да сезімнің арқасы ма?
– Ия, бәрі де саған деген махаббаттың арқасы!
Қылықты қыздың ойына бірдеңе келді ме, адам баспаған жерге өтіп, таяқтың ұшымен «Махаббат құдіреті» деп жазды. Жігіт қызды қапсыра құшақтап екеуі әлгі жазудан жылылық сезінгендей үнсіз қарап қалды.
Кенет жігіт өлең оқи жөнелді:
–Атыңды жаздым ақ қарға,
Үйінен шыға көрсін деп,
Асығып бара жатқанда
Аяздан көңіл бөлсін деп.
Ақ қарға сені теңгердім,
Ғарыштан келіп қонатын.
Арымдай саған сенгенмін.
Кеудемде шамдай жанатын.
Балалық шаққа кез кеппін.
Ыстық-ау еді мекенің,
Атыңды сонда сезбеппін,
Ақ қармен еріп кетерін…
Ғарышқа көз салдым.
«Әбілдә Аймақ досым-ау, тірі екенсің ғой! Сонау өткен ғасырдың 80 жылдары жазған өлеңіңді бүгінгі жастар өміріне арқау етіп жатқаны – тірі екеніңнің белгісі емес пе?! Сонда да дәл осындай қыстыгүні еді-ау… Тар лашықтай жалдамалы пәтеріңде кең көңіліңмен сырыңды, жаңа жазған жырыңды ақтарып едің. «Әкім, тыңдашы мына өлеңімді» деп оқып бергенің де кеше ғана сияқты еді…Ақынның өмірі – өлеңі екенін жалғаннан өтіп кетсең де әлі дәлелдеп келесің. Жүректерде жатталған жырың – өлмес өміріңнің бір көрінісі емес пе?».
Қандай керемет! Сұлулық адам жүрегінде екен ғой. Қараңызшы ғажайып дүние – шынайы бір-бірін түсініскен, бір-бірінің жүрек кілтін тапқан жандардың қолында. Екі жастың бақытты жүзін көрудің өзі — бақыт қой. Күн көзі күліп тұрса қыста да қандай әдемі жылылық бар. Шынында ең құдіретті, ең тәтті нәрсе — аяулы, кіршіксіз осынау әппақ қардай сезім ғой. Сырттай сүйсіне қарап, екі жасқа іштей өмірлік бақыт тіледім.
Өмір неткен сұлу! Өмір неткен ғажап! Махаббат – өмір гүлі ғой. Ол жыл мезгілін таңдамайды. Ыстық ықылас барда қандай боранда да, ызғарлы аязда да, айналаны қар басса да гүлдей береді. Аялы алақанның, махаббат құдіретінің қасиеті де осында екен ғой, шіркін?!

Әкім ЫСҚАҚ,
қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тілінде
жазылған заңның авторы, Қазақстан
Жазушылар Одағының, Халықаралық
Журналистер Одағының
мүшесі.