АПАТТЫ МЕКТЕПТЕР АЗАЯ МА?

Былтыр Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жүргізіліп, 15-і пайдалануға берілген. Десе де, бұл жаңа нысандар облыстағы үш ауысымды және апатты мектеп мәселесін күн тәртібінен түсірген жоқ. Бұған дейін өңірде 7 апатты және 5 үш ауысымды мектеп болған болса, жаңадан пайдалануға берілген нысандар есебінен апатты мектеп саны 6-ға, ал үш ауысымды мектеп саны төртке кеміген. Жергілікті билік 2021-2023 жылдар аралығында 4 апатты мектептің мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан деректерге сенсек, 2025 жылға дейін аймақта 158 мектеп (бір деректерде 180 білім ошағы) салынады. Соның есебінен халқы қалың, демографиясы жыл сайын оң динамиканы көрсетіп отырған Түркістан облысында тар мектептер мәселесі өз шешімін таппақ. Төрт апатты мектептің мәселесін біржола шешу 2023 жылға дейін межеленсе, 2025 жылға дейін жүзден астам мектепті саламыз деген сөзге сену қиын сияқты.
Газетіміздің алдағы сандарында осы мәселеге қайта оралатын боламыз.