БЕСЕМ КЕЛГЕН ОТБАСЫНА ҮЙ СҰРАЙДЫ

Тәжікстан Республикасының Хатлон облысының 30 жастағы Дилноза Мамадова есімді тұрғыны бірден бес баланы өмірге әкелді. Келіншек бесемді Жаңа жыл қарсаңында босанды. Қол-аяғын аман есен бауырына алған келіншек осылайша үйдегі екі баласына бес бірдей бауыр сыйлады. Дәрігерлер бесемнің денсаулығы жақсы екенін айтады. Шаңырағының қабырғасы қалыңдай түскеніне қуанған бесемнің атасы Мамад Бобоев сәбилерге ат қойды. Ол екі ұлға Хасан мен Хусейн, ал қыздарына Фатима, Зухра және Хадича деген есім берді.
Егіз емес, үшем емес бірден бесемді дүниеге әкелу кез келген анаға бұйыра бермейді. Әрі мұндай жағдай әркез бола беретін уақиға емес. Осыны ескерген Хатлон облысының әкімі бесем келген шаңыраққа ат басын бұрып, оларды көзайым жаңалықтарымен құттықтады. Қаржылай да көмек көрсеткен облыс әкімі қасына еріп келген қызметкерлеріне бес бала өмірге келген отбасының үйін қысқа мерзім ішінде жөндеп беруді тапсырды.
Ақпарат құралдары арқылы тез таралған бұл тапсырманы әлеуметтік желі қолданушылары жеткілікті қолдау деп танымады. Олар Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмоннан көп балалы отбасыға жаңа үйдің немесе пәтердің кілтін беру қажеттігін сұрайды.
Көп тілегіне ел Президентінің жауабы қандай болары әлі белгісіз.
Бір апта бұрын бесемнің әкесі Рахмон Нурмуродов билікке өз отбасына Душанбек қаласынан үй беруді сұрады. Ол ауылда шиеттей балаға жағдай жасау қиынға соғатынын ашық айтады. Ал Хатлон облысы әкімдігінің өкілі болса, бесем өмірге келген отбасы үшін олардың үйінің ауласынан үш бөлмелі үй салу жоспары жүргізіліп жатқанын айтып, қысқа қайырады.