ЕЛІМІЗДЕ «СПУТНИК V» ЕКПЕСІ ӨНДІРІЛЕ БАСТАДЫ

Елімізде Ресейдің коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын өндіру қолға алынды. Екпе Қарағанды фармацевтикалық кешенінде өндіріледі. Вакцина өндіру жұмыстарының бастау алуы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен жүзеге асты.
«Спутник V» вакцинасының Қазақстанға қажетті мөлшерін ел территориясында өңдеу екі мемлекет басшыларының арасындағы келіссөздер негізінде іске асырылуда. Енді Қарағандыдағы кешен базасында «Спутник V» вакцинасының 2 млн. дозасын өндіру жоспарланған. Бұл туралы Асқар Мамин «Қазақстанда өндірілген “Спутник V”-мен жаппай вакцинация 2021 жылғы ақпан айында басталады. Бірінші кезекте екпе ерікті негізде медицина қызметкерлері, педагогтер, студенттер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, медициналық-әлеуметтік мекемелердің контингенті, сондай-ақ созылмалы аурулары бар қауіптілік топтарының өкілдеріне салынады»,-деді. Сонымен қатар Үкімет басшысы ресейлік «Спутник V» екпесінің өнеркәсіптік өндірісін өз елімізде қолға алудың маңыздылығын да атап өтті. Яғни препаратты елде шығару логистикалық шығындарды азайтуға және қысқа мерзімде дозалардың медициналық мекемелерге жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, екі ел арасындағы технологиялық, ғылыми және медициналық тәжірибе алмасуды кеңейте түседі.
Қазіргі таңда әлемде коронавирусқа қарсы 200-ден астам түрлі вакцина жасалуда. «Спутник V» елдер бойынша ең бірінші тіркелген вакцина. Бұл препарат Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) тізіміндегі клиникалық зерттеулердің аяқталуына және жаппай өндірістің басталуына жақындаған ең жақсы вакциналардың ондығына кіреді. «Спутник V»-дің клиникалық сынақтары БАӘ, Үндістан, Венесуэла және Беларуссияда жарияланған. «Спутник V» сайтында аталған вакцинасының тиімділігі клиникалық зерттеулердің қорытынды бақылау нүктесінде деректерді талдау нәтижесінде 91,4% деңгейінде расталғаны, оның коронавирустық инфекцияның ауыр жағдайларына қарсы тиімділігі 100% құрайтыны хабарланған.
«Спутник V» вакцинасының сатып алу туралы өтінімдер әлемнің 50-ден астам елінен келіп түскен. Өтінімдер бойынша жалпы сұратылған препараттың дозасы 1,2 млрд.-тан асады.

А. САТЫБАЛДЫ.