ҚАЗАҚСТАНДА ӨЛІМ ЖАЗАСЫ БОЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы» Заңға қол қойды.

Бұл ақпаратты Ақорда хабарлады.
Құжатқа сәйкес, Қазақстан өз юрисдикциясы аясында өлім жазасының күшін жою үшін барлық қажетті шараларды орындау міндеттемесін қабылдайды. Аталған құжат бойынша биыл қыркүйектің соңында Қазақстан екінші Факультативтік хаттамаға қол қойған болатын.
Ал халықаралық шарттар туралы заңнамаға сәйкес, ондай құжаттар міндетті түрде Парламентте ратификациялануы тиіс. Осыған орай Мәжіліс заң жобасын мақұлдаған. Іле Сенат депутаттары да хаттаманы ратификациялауға келісім берген.
Халықаралық құжатқа қол қойған барлық елдер өз территориясында өлім жазасын қолданбауды қабылдайды.
Хаттамаға сәйкес елімізде өлім жазасы алынып тасталғанмен, Қазақстан екінші факультативті хаттаманың 2-бабына сәйкес, соғыс уақытында жасалған әскери аса ауыр сипаттағы қылмыстар үшін кінәлі деп танылғаннан кейін, соғыс уақытында өлім жазасын қолдану туралы шешім қабылдай алу құқығына ие болмақ.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда 2003 жылдың 17-желтоқсанында сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елде өлім жазасына мораторий жариялау туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Президент қол қойған Жарлықта 2004 жылдың 1-қаңтарынан бастап Қылмыстық кодексте өлім жазасы туралы баптарды өмір бойына бас бостандығына айыру жазасына кесумен айырбастап, өзгерту туралы тапсырманы тиісті органдарға тапсырған. Сол кезде сарапшылар ел Президентінің бұл Жарлығы өлім жазасын қылмыстық кодекстен алып тастаудың алғашқы қадамы болуы бек мүмкін екенін айтқан.