ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ АЙЛЫҒЫ АРТАДЫ
Еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі келер жылдың 1- қаңтарынан бастап мемлекеттік ұйымдардағы 38,5 мыңнан астам әлеуметтік қызметкердің айлығы өсетінін хабарлады. Бұл үшін алдағы үш жылға бюджеттен шамамен 95 млрд. теңге қарастырылған.
Соның негізінде стационарлық үлгідегі қарттар мен мүгедектерге арналған үйлерде, жартылай стационарлық үлгідегі (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары) медициналық-әлеуметтік мекемелерде, уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жұмыс істейтін әлеуметтік қызметкерлер мен басшылық құрамның, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлердің ай сайынғы табысы өседі.
Тиісті ведомстваның ресми сайтында «Нәтижесінде 1-қаңтардан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылдың 1-қаңтарынан бастап ағымдағы мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы екі есеге өседі», — делінген.
Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік мекемелердің әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40%-ке дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда.
Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысына қатысты мәлімдемесінде «Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде тұрып, ерекше контингентпен жұмыс істеді. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңыздылығын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлердің тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», — деп мәлімдеді.