ҚҰРЫЛҒЫНЫ ҚАЖЕТ ЖЕРГЕ ОРНАТУ КЕРЕК

Шымкент қаласы әкімдігінің кезекті жиынында мегаполистің экологиялық проблемаларын кешенді шешу бойынша Жол картасын іске асырудың жолдары талқыланды. Аталған Жол картасында 29 іс-шара қарастырылған. Олардың қатарында автокөлікті табиғи газға ауыстыру, көгалдандыру, қалдықтарды қайта өңдеу және жауын суларының арнайы орнатылған тазалау қондырғыларынан өтіп барып, өзенге төгілуін қамтамасыз ету тетігі бар.
Сонымен қатар жиында күн тәртібіндегі негізгі мәселелер де талқыланды. Оның қатарында қала атмосферасының ластануы бар. Атмосфераның ластануы – Шымкент қаласының негізгі экологиялық проблемаларының бірі. Ауаны ластаушылар қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар, автокөлік және қатты отынмен жылытылатын қазандықтар болып табылады. Бұл мәселені ретке келтіру үшін қалаға ауаның ластануын көрсететін құрылғы орнатылатын болады. Ауаның ластануын көрсететін құрылғыны орнатуда тұрғындардың шағымын ескеру қажет екені айтылды.
Жиынға қатысқан қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков «Қалаға ауаның ластануын көрсететін құрылғыны орнатқандарыңыз орынды. Бірақ Қонаев даңғылына емес оны халық үнемі ауа ластанғаны туралы көп шағым айтатын аумақтарға орнату керек. Қонаев пен Тәуке хан даңғылы қаланың ең биік нүктелері болғандықтан ол аумақтарда үнемі жел болып тұрады. Сондықтан ол жерге құрылғы орнату тиімсіз», — деді.
Жиында сөз алған Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Қ.Бейсенбаев экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жоба қазіргі таңда Үкімет қарауында екенін жеткізді.
«Биылғы жылы кәсіпорындарда ауаға ластағыш заттар шығарындылары 2320 тоннаға төмендетілді. Ал көмір отынын пайдаланатын екі өндіріс ошағы табиғи газға ауыстырылды. Бұл бағытта әрі қарай жұмыстар жалғасуда. Жол картасында зиянды заттардың ауада шоғырлануын болдырмау үшін Шымкент қаласының жел бағыттарының режиміне зерттеу жүргізу іс-шарасы қарастырылған. Нәтижесінде, биік ғимараттар құрылысын жел бағыттарын ескере отырып жүргізуге мүмкіндік береді», — деді департамент басшысы.
Бұдан бөлек, мәжілісте қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы А.Татыбаев, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ж.Шайхсламов пен «Қазгидромет» РМК-ның Түркістан облысы бойынша филиалының директоры М.Жазыхбаев Шымкент қаласының экологиялық мәселелері мен оларды шешу жолдары бойынша баяндама жасады.
Жиынды қорытындылаған қала әкімінің орынбасары Жол карталарында көрсетілген іс-шаралардың толыққанды орындалуы бірқатар оң нәтижеге әкелетінін айтып, бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар ол, халықтың экологиялық сауаттылығын арттыру мақсатындағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажет екенін атап өтті.