ӘСКЕРГЕ БАРУДЫ КЕЙІНГІ ҚАЛДЫРУДЫ ҚАШЫҚТАН РЕТТЕЙ АЛАСЫЗ

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі Қорғаныс министрлігімен бірлесіп әскери қызметтен босату және әскерге шақыруды кейінге қалдыру қызметтерін оңтайландырды. Енді аталған қызмет түрлерін алу үшін әскерге шақырушылар әскери комиссариаттарға барып, сабылмайды. Бұл қызметтерді азаматтар Еlicense.kz электрондық лицензиялау порталы арқылы онлайн түрде ала алады.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның Басқарма төрағасы Әсет Тұрысовтың сөзінше әскерге шақырушылар үйден шықпай-ақ, онлайн режимінде әскерден босатуды немесе әскерге шақыруды кейінге қалдыру қызметін 5 жұмыс күні ішінде ақысыз қол жеткізеді. Қызметті қашықтан алу үшін elicense.kz порталында авторизациядан өтіп, содан соң «Қауіпсіздік» қосымша бетінде тізімнен қажетті қызметті және мемлекеттік органды таңдауы тиіс. Әрі қарай ұсынылған және қосымша өрістерді толтырып, кейінге қалдыру немесе босату себебін, сондай-ақ әскери есепте тұрған орнын көрсетіп, құжаттардың электрондық көшірмелерін жүктеп, ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қою қажет.
Әскери қызметке шақырудан босату немесе әскерге шақыруды кейінге қалдыру туралы өтінім мен жүктелген файлдарды қарай отырып, шақыру комиссиясы тиісті қорытынды шығарады.