ХАЛЫҚ САНЫ АЗ ҚАЛАЛАРҒА АУЫЛ МӘРТЕБЕСІН БЕРУДІҢ ҰТЫМДЫ ТҰСЫ КӨП

ал, оның теріс әсері қандай болады?

Еліміздің «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңына сәйкес аудандық маңызы бар қалалардағы халық саны 10 мың тұрғыннан кем болмауы тиіс. Алайда еліміздегі 48 аудандық маңызы бар 13 қалада тұрғындар саны заңда көрсетілген мөлшерден кем. Яғни 10 мың адамнан аз. Енді олардың мәртебесін өзгертіп, ауыл сапына қосу қажет. Бұл ретте Қазақстан Республикасының «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңына тиісті өзгерістер енгізу қажеттігі туындап отыр.

Бұл мәселені Парламентте Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров көтерді. Сенат депутаттары бұл мәселені шешу үшін «Әкімшілік-аумақтық құрылым» бойынша заңнамаға түзетулер әзірледі. Заң жобасында аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындайтын түзетулер енгізілген.
Егер депутаттар көтерген мәселе заң негізінде реттелетін болса Ақмола облысындағы — 3, Солтүстік Қазақстан облысындағы — 3, Шығыс Қазақстан облысындағы — 2, Ақтөбе облысындағы — 2, Қарағанды, Маңғыстау, Қызылорда облысындағы бір-бір аудандық маңызы бар қалалар ауыл сапына қосылуы мүмкін. Ондағы халықтың жалпы саны 80 мыңға жуықтайды. Депутат Нұрлан Құдиярұлы егер ол жерлер ауыл мәртебесін алатын болса, ондағы тұрғындар тиісті мемлекеттік әлеуметтік қолдауларға ие болатынын, ал денсаулық сақтау, білім беру, спорт, мәдениет және әлеуметтік қамсыздандыру және т.б сала қызметкерлерінің еңбекақыларына 25 пайыздан кем емес үстеме ақы қосылатынын жеткізіп отыр. Болжам бойынша айлық табыстары 25 пайызға ұлғаятын мүмкіндікке 5 мыңнан астам адам ие болады. Бұдан басқа мәртебесі өзгерген ол жерлердің жергілікті тұрғындары коммуналдық төлемдерді төлеуде жеңілдікке ие болмақ. Сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушы ретінде жұмысқа орнығып, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кәсіптік білім алуға, ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті қолдау мен дамытуға қатысты бірқатар жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндігіне қол жеткізбек. Қорыта айтқанда депутаттың сөзінше халқы аз қалалар мәртебесін ауыл қатарына қосу ондағы тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға зор ықпал етпек.
Ел ішінде «Халқының саны заңда көрсетілген межеден аз қалалардың мәртебесін өзгерту ұтымды шешім» деген Сенат депутатының сөзіне қарсы пікірлер айтылып отыр.
Ең алдымен қала мәртебесінен ауыл санатына қосылатын елді мекен әкімдерінің еңбекақысы 50 пайызға дейін қысқарады. Тек әкімнің емес жергілікті жердегі әкімдік қызметкерлерінің де айлық табысы азая түседі. Бұл пікірді Солтүстік Қазақстан облысындағы Мамлютка қаласы әкімінің орынбасары отандық телеарнаға берген сұхбатында келтірген. Ал қоғам белсендісі Мұхтар Үмбетов болса қалаларды халық саны аз деп ауыл ету ондағы инженерлік инфрақұрылым жұмыстарының кейінге ысырылып тастауына негіз болатынын, ал бұл тұрғындардың өмір сапасына кері әсерін тигізетінін алға тартады. Сонымен қатар ол, «Еуропа елдеріндегі қалаларда халық саны 5-10 мың арасында екенін, енді неге туристік қалаға әбден лайық Форт-Шевченко қала мәртебесіне лайық болмауы керек?!»,- деп ойын сабақтайды. Ал Қарағанды облысындағы Қарқаралы ауданының әкімі болса барлық халық қала тұрғыны болуды құп көретінін айта келе, «Бұл мәселе біраздан бері талқыланып келе жатыр. Ондағы тұрғындар мұндай өзгеріс тек өздерінің келісімімен қабылданатын шешім екенін, ал өздері мұндай өзгеріске жол бермейді»,- деп пікір білдірген.
Естеріңізге сала кетсек былтыр дәл осы жылжабар желтоқсан айында Қазақстанның 13 қаласы өз мәртебесіне сай еместігі туралы мәселе көтерілген. Ол кезде де халық санының 10 мыңға жетпейтіндігі басты себеп ретінде көрсетілген.
Қайткен күнде де шаһарларды елді мекен ретінде қайта құру туралы шешімді қабылдау Президентке берілетінін ескерсек, бұл мәселеге нүкте қою алдағы уақыттың еншісінде екені сөзсіз.

С. НҰРАЙ.