МӘЖІЛІСТЕГІ МАНДАТҚА 300-ДЕН АСТАМ ҮМІТКЕР ДӘМЕЛІ

Осыдан бір апта бұрын, яғни 30-қарашада партиялардың Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың тізімін ұсыну уақыты аяқталды. Белгіленген уақытқа бес бірдей партия өз үміткерлерінің тізімін ұсынып үлгерді.

Бастапқыда науқанға еліміздегі алты партия атап айтқанда «Nur Otan», «Ақ жол», «Қазақстанның Халық партиясы», «Ауыл», «АDAL» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қатысады деп күтілген. Бірақ Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы өздерінің 27-қарашада өткен съезінде алдағы сайлауға қатыспайтыны туралы кесімдерін мәлімдеп, оған байкот жариялаған.
Қалған бес партия атынан Мәжіліске жалпы саны 309 үміткер ұсынылды. Олардың ішінде 126 кандидат еліміздегі жетекші ұйым «Nur Otan» партиясынан ұсынылып отыр. Оның ішінде 77 кандидат биыл алғаш рет ұйымдастырылған праймериз қорытындысы бойынша көп дауыс жинап тізімге іліксе, ал 49 адам партиялық квота бойынша үміткер ретінде іріктелгендер. Бас партия ұсынған кандидаттардың үштен бір бөлігі әйелдер болып табылады.
Орталық сайлау комиссиясына ұсынылған кандидаттарының саны жағынан «Nur Otan» партиясынан кейінгі екінші орында тұрған «Қазақстанның Халық партиясы». Жуырда ғана атауын өзгерткен «Қазақстанның Халық партиясы» 125 кандидатын Мәжіліс депутаты мандатына лайық деп санапты. Тізімдегі 89 үміткер ер адам болса, 36-сы әйелдер, 9-ы жастар.
«Ақ Жол» партиясы төменгі палатаның төрінен табылуға лайық деп 38 кандидатын ұсынса, ал «Ауыл» партиясының кандидаттар тізімі 19 адаммен шектелген.
Өткен қараша айының басында атауын «ADAL» деп өзгерткен бұрынғы «Бірлік» партиясының кандидаттар тізіміне 16 адам ғана жазылған.
Парламент Мәжілісі 107 депутаттан тұрады. Олардың 98-і саяси партиялар ұсынған тізімнен іріктелгендер болса, қалған 9-ы Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланады. Демек, депутат болуға лайық деп ұсынылған бұл үміткерлердің барлығына бірдей Мәжіліс мандаты берілмейтіні айдан анық.

Қ. ҚАЛИЕВ.