ЖАМБЫЛДА ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ ЖҮЗ ПАЙЫЗ ОРЫНДАЛДЫ

Елімізде 2352 мектептің әжетханасы далада орналасқан. Оның көпшілігі Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарының үлесінде. Естеріңізде болса былтыр Тараз қаласында мектеп ауласындағы әжетханада оқушы қызға 38 жасар азамат зәбір көрсеткен еді.

Осыдан соң отандық БАҚ-тарда оқушылар өміріне қауіп тудыруы мүмкін мектеп ауласындағы әжетханалардың сандерегі жарияланған.
Бұл жағдайды масқаралық деп айтқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ әкімдеріне оқушылар өміріне қауіп тудыратын сырттағы әжетхана мәселесін 2020 жылы біржола шешіп, мектептердің барлығына дерлік бейнебақылау камерасын орнатуды тапсырған болатын.
Жуырда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аймақта Президент тапсырмасының толық орындалғанын айтты.
Оның сөзінше бүгінге дейін облыста әжетханасы сыртта орналасқан 285 мектеп болған. Бүгінгі таңда осы мектеп ғимараттарының барлығының ішіне әжетханалар орнатылған. Жаңадан жасалған әжетханалардың 100-ге жуығын облыс әкімінің өзі барып тексерген. Сонымен қатар аймақ басшысы облыстағы мектептердің барлығында дерлік қауіпсіздікті күшейту бағытында бейнебақылау камералары орнатылғанын жеткізді.