КӨК ТУДЫ ІЛУГЕ РҰҚСАТ БЕРІЛДІ

Қазақстанда жеке және заңды тұлғалар өздерінің елге деген патриоттық сезімін білдіру үшін ғимараттарда, тұрғын үйлерде, салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда көк туымызды іле алады.
Көк туды көрнекті жерге ілуге рұқсат беретін Қаулыға Үкімет басшысы Асқар Мамин қол қойды. Мемлекеттік ту, Елтаңба және оның бейнесін, сондай-ақ Әнұран мәтінін пайдалану ережелері туралы Үкімет қаулысына енгізілген бұл өзгерістерге сәйкес енді туды балконға немесе терезеге ілетіндер айыппұл арқаламайтын болды. Естеріңізге сала кетсек, аталған Қаулы шығарылған 2007 жылдан бері бүгінге дейін патриоттық сезімін бірдіріп, туды терезе мен балкондарға ілген бірнеше тұрғындарға айыппұл салынған еді.
Десе де, еліміздің мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ҚР Мемлекеттік туы оның көлеміне қарамастан ұлттық стандарқта сәйкес келуі тиістігін, жеке және заңды тұлғалардың байрағымызды ұлттық стандарттың талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейтінін ескертіп отыр.
Сонымен бірге, министр А. Райымқұлова адамға немесе затқа деген құрмет ретінде көк байрағымызды төмен түсіру заңға қайшы екенін де атап өтті. Тәуелсіздіктің символы саналатын байрағымыз қандай да бір затқа, жерге немесе суға тимеуі керектігін, тудың сабы көлденеңінен көтерілмеуі керектігін, бүлінген немесе кірленген жағдайда қойылмауын ескертеді. Ведомства басшысы туға жазу жазуға немесе сурет салуға болмайтынын, ол киім немесе төсек-орын, шымылдық ретінде пайдаланылмайтын, ал ел атынан өнер көрсететін спортшылардың киімінде мемлекеттік тудың бейнесін пайдалану айрықша жағдай болып саналатынын жеткізді.