МОНИТОРИНГТІК ТОП КАРАНТИНДЕ КӨЛ-КӨСІР ПАЙДА ТАУЫП ЖҮР МЕ?
Жуырда «Ақ жол» фракциясының депутаттары атынан Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мониторингтік топтардың басшылары карантин тәртібін сақтамаған кәсіпкерлерді жұртшылыққа жарияламау және ірі айыппұл салмас үшін олардан тұрақты «алым-салық» жинап жүргенін, сондықтан да олардың жұмысын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бақылауға алуы қажеттігін мәлімдеді.
Азат Перуашев тіпті олардың бір айда миллиондап табыс тауып жатуы мүмкін екенін де тілге тиек еткен. Депутат мұндай деректі қайдан алды?
Естеріңізде болса, бұған дейін «Ақ жол» фракциясының депутаттары Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, орта және шағын бизнеске заңсыз қысым жасау деректерінің көбейгенін негізге ала отырып, оларды тексеріп жүрген мониторингтік топтар жұмысын реттеуді талап еткен болатын. Содан кейін партия депутаттарына осы мәселеге қатысты арыздардың келуі көбейген. Өңірлерден кәсіпкерлер хабарласып, мониторингтік топтар иелері шенеуніктердің туған-туыстары болып табылатын мейрамханалар мен түнгі клубтарды айналып өтетінін, сондықтан да олардың жұмысы карантиндік шектеулер енгізілгеннен бастап тұраламағанын айтқан. Өз мәлімдемесінде А. Перуашев «Бүгінде ірі қалалар мен облыс орталықтарында, шамамен, 1-2 мың қоғамдық тамақтану орны мен басқа да қызмет көрсету нысандары бар. Мұны ескерсек, әрбір қалада тексерушілер табысы бір айда 100 миллион теңгеден асуы мүмкін. Ал «алым-салықты» төлеуден бас тартқан кәсіпкерлерге айыппұл салынып, БАҚ қатысуымен демонстрациялық тексеріс жасалады», — деп атап өтті.
Сондай-ақ депутат мониторингтік топтарды құру тәртібі мен өкілеттілігі заңмен реттелмегенін тілге тиек етті. Мәселен, Кәсіпкерлер кодексі бойынша тексерісті осы салаға жауапты мамандар жүргізуі тиіс. Ал шынтуайтында бұл талап сақталып жатпағанын депутат «Алматыда санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандарына мониторингтік топ жұмысына қатысуға тыйым салынған. Демек, барлық тексеріс заңсыз жүргізіледі. Біз тәртіп бұзатындарды қорғап отырған жоқпыз. Заңды сақтауды ғана талап етеміз. Себебі пара беру арқылы тексерістен құтылған орындар қауіпсіздік шараларын сақтамай, жұмыс істейді. Сөйтіп, инфекцияны тарату ошағы болып қала береді. Ондайда мониторингтің нәтижесі де болмайды»,- деп жеткізеді.
Мәжіліс – мінбер. Ал мінберде әрбір сөз талданып, зерделенеді. Өзіне келген деректің шын дәйек немесе дақпырт екеніне үңілместен айтып салып, асығыс қадам жасайтын депутат болмас. Осы ойға сүйенсек, Перуашевтың мәлімдемесі ащы ақиқат деп айтуға болатын сияқты.