БЕТПЕРДЕНІ ТАҒУ ЕРЕЖЕСІ ТАҒЫ ДА ӨЗГЕРДІ

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы медициналық маскаларды кию ережесін төртінші рет жаңартты. Соңғы рет ұйым бетперде тағудың жаңа ережесін маусым айында жаңартқан болатын. Енді бекітілген жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік ара қашықтықты кем дегенде 1 метрге дейін сақтау мүмкін болмаған жағдайда адамдар көшеде бетперде тағып жүру қажет.

Ауруханалар, медициналық ұйымдар мен өзге де мекемелерге барған кезде де бетперделік режимді сақтау міндет. Алайда салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдану кезінде маска кию ұсынылмайды. Бірақ спорт залдарында кем дегенде 1 метрге дейін ара қашықтықты сақтауды қатаң ескертеді.
Дүйнежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 5 жасқа дейінгі балаларға маска тағуды ұсынбайды. Бірақ мынандай эпидахуал кезінде 6 жастан 11 жасқа дейінгі балалардың маска тағып жүруін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдануы тиістігін атап өтеді. Сонымен қатар адамдардың дем алатын маталардан жасалған үш қабатты бетперделерді қолдануына артықшылық беріледі. Ұйым респираторларды (клапандары бар маскалар) қолдануды қолдамайды. Себебі олар дем шығаратын ауаны сүзбейді. Бұдан өзге, ДДСҰ пластикалық қорғаныш қалқандарын маска кию мүмкін болмаған жағдайда ғана тек балама ретінде қолдануды ұсынады. Тек экран иек пен беттің бүйірлерін жабуы керектігі ескертіледі.
Іргелі ұйым жаңартқан ережеде нашар желдетілген бөлмелелерде де маска тағу тиістігі айтылған.