ПРЕЗИДЕНТ ҚҰЗІРЕТІ АРТАДЫ
Сенат депутаттары ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңға енгізілген түзетулерді қабылдады. Сенат әзірлеген заң жобасында Президентке жаңа өкілеттіктер беретін бірқатар түзетулер енгізілген.
Соған сәйкес енді мемлекет басшысы қаладағы аудандарды елді-мекендердің құрамдас бөліктеріне енгізу туралы шешім шығара алады. Сонымен қатар, облыстық, республикалық маңызы бар қалалар мен астанада 400 мыңнан астам тұрғыны бар елді-мекенді аудан ретінде құру туралы құжатты бекітуге де құзыретті болмақ. Бұдан бөлек, Президент аудандық маңызы бар қаланың, кенттің және ауылдың өлшемдерін нақтылау туралы мәселеде байлам шығарады.
Айтпақшы, ҚР «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» заңда аудандық маңызы бар қала халқының саны 10 мыңнан кем емес болуы керектігі жазылған. Бірақ елімізде демографиялық көрсеткіші 10 мыңға жетпейтін 13 аудандық маңызы бар қала бар екен. Кешегі аптада Сенатта тұрғындар санының аздығына байланысты «қала» мәртебесіне сай келмейтін ол жерлерді ауыл сапына қосу мәселесі көтерілді.
Депутаттар көтерген бұл мәселеге қатысты нақты шешімді заңға енгізілген түзетулерге сәйкес Президент қабылдайтын болады.