СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН СЫРҚАТҚА ОТА СӘТТІ ЖАСАЛДЫ

Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының хирург дәрігерлері тоқ ішектің туа біткен ақауы Гиршпрунг патологиясына шалдыққан 10 айлық сәбиге ота жасады.
Өте сирек кездесетін патологияға ота жасау бұған дейін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында ғана жүргізіліп келген. Шымкент қалалық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлері шетел мен республиканың озық клиникаларында тағылымдамадан өтіп біліктіліктерін арттыруының нәтижесінде енді күрделі ота өз қаламызда жүргізіліп отыр.
Хирургтар баланың терісінің және тіндерінің үлкен бөліктеріне зақым келтірмес үшін «Коло-ректалды анастомозды құра отырып, тоқ ішектің лапароскопиялық төмендеуі» мини-инвазивті әдісін жүзеге асырды. Отаның бұл түрі патологияны емдеудің оңтайлы тәсілі болып табылады. Сәтті жасалған отадан соң көп ұзамай баланың беті бері қарады. Денсаулығы қалпына келген соң ауруханадан жетінші күні үйіне шығарылды.
Бұл ауру тек хирургиялық жолмен емделеді.Әдетте өте сирек кездесетін бұл Гиршпрунг ауруы сәбилер жаңа туылған кезде немесе одан сәл кейінірек байқалады.

«Уақыт».