ӨЗБЕКСТАН ӨЗ ТҰРҒЫНДАРЫН 2023 ЖЫЛЫ САНАЙДЫ

Өзбекстан Республикасының Үкіметі 2022 жылға белгіленген халық санағын бір жыл кейінге шегерді. Қарашада шығарылған шешімге сәйкес көрші елдегі халық санағы 2023 жылға ауыстырылды.
Бұл туралы сол елдің мемлекеттік статистика жөніндегі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомства таратқан хабарламада халық санағы ауқымды шара болғандықтан оған дайындық жұмыстары үшін 2-3 жыл уақыт кететіні ескертілген. Билік сол арқылы дайындық жұмыстарына толыққанды кірісуге қазіргідей пандемия жағдайы кедергі келтіретінін түсіндіргендей болады.
Жалпы коронавирусқа байланысты халық санағы сынды ауқымды шараларды кейінгі қалдырып жатқан мемлекет жалғыз Өзбекстан емес. Маусым айының соңында Ресей әлем елдерін әбігерге салған індетке байланысты 2020 жылдың қазан айына белгіленген халық санағы шарасын 2021 жылдың сәуір айына ауыстырған.
Одан кейін, дәлірегі тамыз айында Қазақстан Республикасының Статистика комитеті Covid-19 вирусына байланысты 2020 жылдың қазан айына белгіленген халық санағы шарасын тура бір жыл кейін өтетінін мәлімдеген.

М. ӘБДІРАЙЫМ.