САЙЛАУҒА ЖІБЕРІЛГЕН АЛТЫ ПАРТИЯНЫҢ БЕТАЛЫСЫ ҚАНДАЙ?

Қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауын 2021 жылдың 10-қаңтарына белгілеу туралы маңызды құжатқа қол қойғаны белгілі. Президент қабылдаған бұл шешімнің нәтижесінде 10 қаңтарда ел өңіріндегі 216 мәслихат корпусының құрамы жаңарады. Ол жерде барлығы 3276 халық қалаулысына халық аманаты артылады. Сонымен қатар Мәжілістегі 107 депутаттардың да құрамы өзгереді. Оның ішінде 98 депутат партиялық тізімге сәйкес, ал 7 депутат Қазақстан Халық Ассамблеясы атынан ұсынылған кандидаттар болады. Бұл сайлаудың ерекшелігі жергілікті мәслихаттардың депутаты да партиялық тізім бойынша сайланады. Сайлауға кететін қаржы көзі де пішіліп қойған. Орталық сайлау комиссиясы науқанға жиыны 15,3 миллиард теңге жұмсалатынын хабарлады.
Бұл сайлауға 6 партия жіберілді. Олар «Nur Otan», «Ақ Жол», «Қазақстанның халық партиясы» (бұрынғы Қазақстан коммунистік халық партиясы), «Ауыл», «Бірлік», «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиялары.
Сайлау күні белгілі болғаннан бастап мәжілістің қазіргі құрамындағы біраз депутаттар белсенділігімен көп көзге түсе бастады. Олар көптеген түйінді мәселелерді көтеріп, мынадай пандемия кезіндегі қысталаңда татымды дүниелерді ортаға тастап келеді. Қазіргі Мәжілістегі «Nur Otan» партиясынан бөлек, «Қазақстанның халық партиясы» және «Ақ Жол» партиясының өкілдері алда ерекше энтузиазммен атқаратын жұмыстар көп екеніне екпін түсірді.
Мәселен, «Ақ Жол» партиясының өкілі Азат Перуашев депутаттық мандаттан дәмелі екендіктерін ашып айтып, халық сеніміне ие болу үшін іргедегі жерден бастап, шалғайдағы ауылдарға дейін барып, халықтың мұң-мұқтажына мән беретіндерін айтты. «Қазақстанның халық партиясы» да «жылы» орынға жайғасу үшін талаптанатындарын хабарлап үлгерді. Айтпақшы партиядағы ребрендингті партияның басшысы, соңғы уақытта зейнетке шығу уақытын 60 жасқа түсіру қажеттігі туралы бастама көтерген, бірақ ұсынысы қолдау таппаған Айқын Қоңыров қолдаса, Косарев мұны мағынасыз тірлікке балады.
Осы ретте атауын өзгерткен тағы бір партияны да айта кетейік. Ағымдағы жылдың 5-қарашасында «Бірлік» партиясы саяси кеңес отырысын өткізіп, партияның ребрендингі мен атауын өзгерту туралы шешім қабылдады. Енді партияның атауы «Адал» деп аталады.
Бұдан кейін депутаттар халықтың құлағына майдай жағатын мәлімдемелер жасай бастады. Қазанның аяғын ала депутат Азат Перуашев «Ақ Жол» партиясы фракциясы депутаттарының атынан Үкімет басшысына коронавируспен күрес жұмыстарына қатысқан медицина қызметкерлеріне ауру жұқтырған жағдайда берілетін 2 млн. теңге үстемақы мен, қайтыс болған жағдайда отбасына төленетін 10 млн. теңге өтемақыны төлеуді қайта жалғастыру қажеттігін (авт. үстемақы мен өтемақы төлеу 21 қазаннан бастап тоқтатылған), болжамды екінші толқынға дайындық қарсаңында оны тоқтатып қойсақ, науқастарды емдейтін ешкім қалмайтынын айтты.
Бұдан бөлек дәл осы Перуашев мырза сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін сотталған экс-шенеуніктерді бостандыққа шыққаннан кейін елден шығармау туралы керектігін айтты. Ол мұндай тұсау арқылы көмейі кең сол азаматтардың шетелде жасырған ақшаларын елге инвестиция ретінде тартуға болады деп біледі екен. Одан алдын Азат Перуашев жемқор шенеуніктерді мерзімінен бұрын босату болмауы тиістігі туралы да талабымен елді елең еткізген. Бірақ олар әзірге тек ұсыныс күйінде қалып отыр.
Сондай-ақ «Қызыл партияның» депутаты Ирина Смирнованың да дегені тек ұсыныс күйінде қалуда. Мәжіліс депутаты Ирина ханым жуырда қазіргідей пандемия жағдайында банктердің есебінен жеке және заңды тұлғаларға несие амнистиясын жариялау керектігі туралы мәлімдеме жасады. Жаймашуақ күннің өзінде жоғары пайызбен несие беріп, халықтың қалтасына салмақ салудан тайсалмаған банктер мұндай қайырымға келе қоюы екіталай екенін болжау қиын емес. Бірақ депутат банктерден үлкен қайырым күтетін сыңайлы. Және де ол зейнетке шығу мерзімін 60 жасқа дейін көтеру туралы бастаманы көтерді. Ол Мәжілістегі біраз депутаттар осы мәселені көтеріп келгенмен, Үкімет тарапынан қолдау жоқтығын да тілге тиек етеді. Шамасы Ирина Смирнова осыдан біраз алдын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтың осы мәселеге қатысты зейнет жасын алпысқа дейін түсірмейтіні туралы жауабын қаперіне алмаған сыңайлы.
Көтерілген мәселелер құр сөз болып қалатыны немесе қолдау табатынын уағында көрерміз…
Сонымен қатар сайлау күні белгіленгеннен кейін-ақ ауылда шешілмеген мәселелер шаш етектен екенін жақсы білетін «Ауыл» партиясы да ондағы тұрмыс-тіршілікті оңалтуға Мәжілісте отырып тыныс беретін азаматтары бар екенін жеткізіп, науқанға қатысатынын алға тартты. Жуырда бұл саяси ұйым Орталық сайлау комиссиясына Мәжіліс сайлауына қатысатын 19 кандидаттың тізімін ұсынған.
Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) өздерінің 27-қарашада өткен съезінде алдағы Мәжіліс пен жергілікті деңгейдегі мәслихат сайлауына қатысудан бас тартатындарын мәлімдеді. Партия төрағасы мұндай шешімді алдағы сайлаудың белгіленген жоспармен, алдын ала бекітілген «бұйрықпен» яғни, әділетсіз түрде өтетінімен байланыстырып, бұл ретте өздерінің биліктің құралына айналғысы келмейтіндерімен түсіндірген. Оның бұл мәлімдемесінің дұрыс не бұрыс болжам боларын уақыттың өзі көрсетер…

Ж. АРМАНОВА.