«Мәдени астана» Шымкенттен Душанбеге көшті

«Шымкент – ТМД елдерінің мәдени астанасы 2020» мәртебесі бір жылды артқа салып, өзінің өткен жексенбі күні тарихи тағылымды межесін аяқтады. Оның жабылу салтанаты онлайн форматта «Цитадел» тарихи-мәдени кешенінде өтіп, Шымкент қаласының әкімі мерекелі жылды қорытындылап, эстафетаны Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласының төрағасы Рустами Эмомолиге үлкен құрметпен табыстады.
2200 жылдық ғұмыры бар көне қала өзінің астана атанған шағында көптеген жұмыстарды атқарды. 1700-ден астам жаңашыл онлайн форматтағы жоба жүзеге асты.
Шаһар басшысы құттықтау сөзінде қазақ халқының ұлттық дәстүрінің ізімен эстафета керуенін үлкен тарту-таралғымен шығарғалы отырғандықтарына тоқталды. «Достық сыйы» Шымқаланың тарихынан сыр шертетін 2200 дана кітаптан, қаланың символына айналған 2200 түп қызғалдақ гүлінің тұқымынан, қала тұрғындарының жүрегінен шыққан тілек жазылған 2200 дана тұмардан құралған.
Жабылу рәсімінде ТМД Атқарушы комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшы Сергей Лебедев, Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қорының басқарма төрағасы, Әзербайжан Республикасының Ресейдегі Төтенше және Өкілетті елшісі Полад Бюльбюльоғлы қала тұрғындары мен қонақтарына жақсы тілектерін жеткізді. Достық эстафетасы Тәжікстанның Алматыдағы Бас консулы Баходур Назир мырзаға берілді. Жабылу салтанатында түрлі мәдени іс-шаралар көпшілікке көрсетілді.

С. НҰРАЙ.