Атажұртқа 12 мың қандас оралды
Отан – оттан да ыстық. Оның қастерлілігі мен қасиетіне жететін нәрсе жоқ. Кім үшін болсын, өзінің Атажұрты, ата-бабаларының обасы жатқан жері теңдесіз мекен болып саналады.
Ел басына күн тудырып, азаматқа қан кештірген замандарда ауа көшіп, кіндігінің қаны тамған жерін тастап кеткен қазақ аз емес. Олардың алды Қытай мен Ресейде, Монғолия мен Өзбекстанда, тәжік пен түркімен елінде жылдап емес, ғасырлап күн кешті. Тұлымы желбіреп, табанымен топырағын басқан, ауасын құмарлана жұтқан Атамекенді аңсағанмен, көбісі оны көре алмай көз жұмды. Қазақ елі Тәуелсіздік алып, дербестігі төркүл дүниеге мәшһүр болған кезде көп қазаққа өз еліне ат басын бұрудың сәті түсті.
Отыз жылға тарта уақыт ішінде елге оралман атанған 1 миллион 690 мың қазақ келген. Осыдан апта бұрын берілген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы дәлелді дүйім жұртқа жария етті. Бізге қай елден қанша қазақ келгендігі мәлім болды. Кешеге дейін «оралман», бүгіннен бастап «қандас» мәртебесін алғандардың 55 пайызы Қытайдан, 28,8 пайызы өзбек елінен, 9,1 пайызы Түркіменстаннан, 3,4 пайызы Монғолиядан, ал 2,9 пайызы өзге елдерден ата қонысқа ауа көшіпті. Жартысынан астамы Алматы облысына, ал қалған жартысына жуығы Маңғыстау, Түркістан облыстары мен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына орналасқан.
Дәл биылғы жылдың он айындағы ресми ақпаратқа көз салсақ 11 800 этникалық қазақ қандас мәртебесін алғандығы көңілге үлкен жұбаныш, әрі қуаныш ұялатады. Осы отаным деп оралғандардың 56 пайызы еңбек ету жасында екен. 30 пайыздайы әлі кәмелетке толмағандар, қалған 10 пайызы зейнеткерлер.
Тағы бір мәлімет кімді де болса елең еткізеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылдың 8 айында 16220 адамға Қазақстан азаматтығы беріліпті.
Әлі қанша қазақ кәусар бұлақтың балдай суын ұрттауды аңсағандай, Атажұртқа қоныс аударуды аңсары ауып аңсап жүр дейсіз? Отанға оралыңдар, қандас бауырлар!