Қаламгерлерге қашан да қауырт міндет жүктеледі

Беріліп жатқан кез-келген ақпараттың басы-қасында қалам ұстаған қауым – журналистер тұрады. Олардың оқырман мен тыңдармандарға ұсынатын дерек көздері көпшілікке әр түрлі деңгейде әсер етеді. Арасында өмір ағынына сай, нақтыланған мәліметтер елдің сеніміне селкеу түсірмесе, арасында базбір жалған хабарлар жарға жығатындай жағдайға апарады.

Қазақстанның сан-салалы ақпарат айдынында сол журналистердің басын қосып біріктіріп, біліктіліктің баянды бағытына тоғыстырып отырған іргелі үш ұйымның бар екені белгілі. Оның басында бір ғасырлық тарихи мәнге ие Қазақстан Журналистер Одағы болса, қалған екеуі соңғы жылдары ғана жұмысын бастаған «Қазақстанның медиа альянсы» мен «BAQ KASIPODAQ» салалық кәсіподағы.
Көңілге күдік ұялатпай, бір қуантатыны – осы үлкен қауымды біріктіріп отырған үш ұжымның іргелерінің сөгілмей, ынтымақтарының ортақ арнаға тоғысып, «бір терінің пұшпағын илеп жатқандығы» қуантады. Күні кеше ғана Шымкент қалалық әкімдігі мен Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының бірлесіп ұйымдастыруымен «Инфодемияның екінші толқыны: алдын алу және ақпараттық стратегия» атты онлайн конференция өткізілді. Конференция мүмкіндігі болғанынша ең өзекті мәселелерді ортаға салып, алдағы атқарылар жұмыстардың негізгілерін орынды пікірлермен ұштастырды. Жиынға Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан журналистер, блогерлер мен дәрігерлер қатысты.
Өткір мәселені қозғап отырған конференцияның ашылуында алғаш сөз алған Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жер шарының бүткіл тұрғындарын алаңдатып отырған коронавирус індетіне байланысты беріліп келген және берілетін маңыздылығы жоғары, ең нақтылы, дәлелді ақпараттардың атқаратын жұмыстары мен бірегей платформалардың бағытына тоқталды.

– Шымкентте коронавирус туралы нақты ақпарат тарататын «covid19shymkent.kz» сайты жұмыс істеуде. Мұнда қала тұрғындары КВИ бойынша жедел статистикамен таныса алады. Интернет ресурста ақпараттар күн сайын жаңартылып отырады. Сонымен қатар онда аурудың алдын алу, оның белгілері және сақтану ережелері туралы мағлұмат берілуде. Одан бөлек, 1460 нөмірлі CALL-орталық іске қосылды. Бұл жерде білікті мамандар бар. Яғни, тұрғындар Covid-19 жайлы кез келген сұрақтарына жауап ала алады. Бірегей платформаларды қосуға көптеген жәйт себеп болды. Мәселен, эпидемиологиялық ахуал өршіген кезде науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, емдеу мәселесінен бөлек, жалған ақпаратпен күресу мәселесі өзекті болды. Өйткені халық кімге сенерін білмей, дал болғаны рас. Жалған ақпарат та коронавирус сияқты тез тарайды, әрі зиянды. Осындай жағдайда сенімді дереккөзден дер кезінде шынайы ақпарат таратылуы керек. Бүгінгі біз талқылап отырған тақырып та осыған саяды, – деп атап өтті Ш. Жұмабекұлы.
Ақпараттық стратегияның мәні мен маңыздылығына байланысты өтіп жатқан конференцияда журналистика саласының беделді, белсенді мүшелері де өз ойларын, пайымды пікірлерін, межелі мақсаттарын ортаға салды. Солардың қатарында «Қазақстан медиа альянсының» басқарма төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп мырза әлемді жайлаған апатты аурудың ауыр кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қалай жұмыс жүргізгендігі жайлы мәлімдей отырып, оның пайдалы және пайдасыз жақтары жайында өзінің орамды ойын айтты.
– Дәрімен уланған адамды дәрігер емдейді, ал ақпаратпен уланған адамды кім емдейді? Бұл, міне, үлкен мәселе. Осы орайда, әрине, журналистер қауымы халықты үрейлендірмей, қауіп-қатердің қаншалықты екенін дәлелді зерттеулермен ашық, әрі түсінікті жеткізуі керек, — деген орынды пікір қалам ұстағандардың баршасына басты бағдар болатындығын өз ойының ең өзекті мәселесі етіп ұсынды басқарма төрағасы.
Бас қосу барысында Шымкент қаласында байыпты басылымға кезінде басшылық жасаған, Журналистер ұйымына жетекшілік еткен, қазіргі ҚР Парламенті Сенатының депутаты Айгүл Қапбарова зиянды ақпараттарға тойтарыс беру, ақпарат құралдарының уақыт кезеңіне сай маңыздылығы мен барынша сауатты, әрі салауатты спикерлердің қатарын одан әрі толықтыру, біліктілігін арттыру мәселесіне кеңінен тоқталды.
– Пандемия кезінде аса қауіпті жағдайда қызмет еткен дәрігерлер мен құқық қорғау саласы қызметкерлерінің қатарында БАҚ өкілдері де болды. Олар өз жұмыстарын адал атқарып шықты деп ойлаймын. Қазіргі таңда Парламент Сенатына еліміздегі ақпарат саласын жетілдіруге бағытталған Заң жобасы келді. Оған сіздер де ой қосып, атсалыссаңыздар деймін. Бүгінде блогерлердің де дәйекті жазбалары қоғамды бей-жай қалдырмайтын болды. Олардың мәртебесін зерделей отырып нақтыласақ, блогерлердің құқықтық жауапкершілігі артып, заңмен қорғалады, – деді А.Қапбарова.
Ол кісінің сөзінен бірқатар мәліметтерге қанық болдық. Сенатор ханымның айтуынша үстіміздегі жылдың 1- сәуір мен 1-қазан аралығында біздің елімізде БАҚ салалары салықтардан босатылды. Бұл оларға едәуір түрде өз пайдасын берді. Дәл қазіргі кезде ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған Ұлттық жоспары әзірленген. Жоспардың мәнділігі сонда – алдағы кезде ақпарат құралдарын мемлекеттік сатып алудан тыс қаржыландыру, мемлекеттік тапсырыс беруде сараптамалық материалдарға көбірек назар аудару, блогерлердің заң талабына сай құқықтық мәртебесін айқындау мәселелері қаралған екен.
Басқосуда көпшілікті селт дегізіп, құлақтарына жайсыздау тиген бір маңызды мәліметті Қазақстан Журналистер Одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай жеткізді. Жер бетін коронавирус індеті жан-жақты жаулап алған сәтте ақпарат құралдарының өкілдеріне мақсаты ауқымды міндет жүктеліп, дәрігерлер мен қарапайым халық арасындағы тығыз байланысты жан-жақты терең байланыстыруда, оқырман мен тыңдармандарға медициналық мәліметтер мен маңыздылығын жеткізудегі түсіндіру жұмыстарының талдануы мен жеткізілуінде көп мәселе ақпараттарға байланысты екендігіне тоқтала келіп, филиал төрағасы:
– Пандемия кезінде сенімді хабарды аудиторияға жеткізу үшін журналистерге де күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Мәселен, әлемнің 53 елінде 500-ге жуық журналист коронавирустан көз жұмыпты. Короновирустың екінші толқынының басталуы инфодемияның, яғни жалған, ел арасында үрей тудыратын ақпараттар эпидемиясының басталатынын білдіреді. Инфодемияның басты қаупі жұртшылық жалған мен шынайы ақпараттарды ажырата алмай қалады. Мұндай жағдайға түскен адам дәрігерлердің кеңестеріне құлақ асуды қояды. Ал бұл бәрінен де қауіпті, – деген хабарымен көпті елең еткізді.
Талдаулар мен пікір алмасулар конференция барысында сан тараптан қозғалып, қолдау тауып жатты. Қазақстан Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Уәли Қыдыр, «Темірқазық-Ой» газетінің бас редакторы Анаркүл Сүлеева, «Диагноз» газетінің бас редакторы Асылбек Досалы мен «Медиаон» ақпараттық порталының жетекшісі Малика Абдалиева өз сөздерінде қазіргі қауіпті дерт – пандемиядан сақтану жөнінде өздерінің қозғап отырған пікірлері жайында көшілікті таныстырып өтті.
Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Мамаев конференция жұмысын қорытындылай келе:
— Журналистер Одағы елдегі апатты ауруға байланысты барлық ұжымдармен, барлық салалармен тұрақты және жүйелі жұмыс жүргізуге әркездегідей бірге, бірлесіп іс атқаруға қазір де әзір. Бөлінетін, бөтенсінетін ештеңе жоқ. Медиаальянпен де, журналистердің республикалық кәсіподақ ұйымымен де ортақ мүдде тұрғысында бірегей бірлестікпен жұмыс істей береміз, — дей келе дәрігерлердің қоғамда пандемия кезінде адамдарды коронавирустан қорғайтындығын, ал журналистер қауымының инфодемия кезеңіндегі ақпараттық вирустан қорғайтындығын, инфодемияның ең басты қауіптілігі ақпараттар тасқынында адамдар шынайы, әрі нақтылы және жалған мәліметтерді ажыратуға келгенде қауқарсыз болып қалатындығын айтты. Қабылдаулар қабілетсіз дағдарысқа шалдығатындығын, оның дәрігерлік кеңесін орындау мен ем шараларын сақтауға немқұрайлы қарауға ұшырайтындығына тоқталды. Дәл осы айтылған ойлар мен пікірлерді «BAQKASIPODAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Зейін Әліпбек толығымен қолдайтынын және қуаттайтынын мәлімдей отырып, әлеуметтік желілерде ордан құлаттыратын жалған ақпараттарға жол бермес үшін сараптамалық-талдамалық мақалаларға барынша басымдық берілуінің аса қажет екендігін өз сөзінде ерекше атап өтті.
Конференция барысында оған қатысушыларының тарапынан салалық журналистиканы заман ағынына байланысты дамыту мәселесі де орынды ой ретінде көтерілді. Айтылған ұсыныстар мен пікірлерге байланысты Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ш. Жұмабекұлы бұл өзекті тақырыпты бірлесе отырып шешуге әрқашан дайын екендіктерін жеткізді.
Түркістан облысы мен Шымкент қаласында талайларды дағдарысқа түсірген апатты аурудың деңгейі қазіргі кезде сәл де болса төмендегенмен, еліміздің денсаулық сақтау саласының алдын ала берген мәліметіне сүйенсек, биылғы желтоқсанның соңы мен алдағы жылдың қаңтар айының басында дерт ұлғая түсетіндігі айтылған ақпараттан халық хабардар болды. Апаттың алдын алу сақтық шаралардың сапалы жүргізілуіне байланысты. Сондықтан да конференцияда айтылған өмірдің ең өзекті мәселелерін, қозғалған ойларды сараптамадан өткізе отырып, қаламгерлер мен дәрігерлер барынша ынтымақта және нақтылы мәліметтермен қалың қауымды хабардар етіп, дерек көздерін дәл беру үшін тиянақты жұмыс істегендері орынды. Соның қорытындысымен журналистер жүргізер жүйелі істердің білікті бағасы баяндалады.

Қ. ҚАЛИЕВ.