ПОРТАЛДАН ДӘРІГЕРЛЕРДІҢ ПАЙДАЛЫ КЕҢЕСІН ТАБА АЛАСЫЗ

Шартарапты шарлаған коронавирустен қорғанудың тәсілі қандай? Жұқпалы індет бойға қонбас үшін әлеуметтік ара қашықтықты сақтау, бетперде тағу, адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармау, қолыңызды жиі-жиі сабынмен жуып, жөтелгенде немесе түшкіргенде аузыңызды алақаныңызбен көлегейлемей, шынтақпен немесе майлықпен жабу сынды ережелерді естен шығармаған абзал.

Сонымен қатар өзіңіз тұратын үйіңізде бөлмелерді жиі желдетіп тұру да ауруды келтірмеудің тағы бір амалы болып табылады.

Азаматтардың өршіп тұрған бұл індеттен сақтану жолдары мен өзге де пайдалы кеңестер туралы деректерден хабардар болып тұруы үшін Шымкентте www.covid19shymkent.kz сайты іске қосылды. Арнайы порталда іске қосудың басты мақсаты қала тұрғындарын коронавирус туралы қажетті әрі сенімді ақпаратпен дер кезінде қамтамасыз ету болып табылады.

Порталда Шымкент қаласы бойынша COVID-19 жұқтырған науқастар саны, пневмониямен және ЖРВИ-мен ауырғандар саны, ауруханаға жатқызылған және емделген науқастар саны туралы мәліметтермен таныс бола аласыздар. Сонымен қатар, қаланың медициналық мекемелеріндегі кереуеттер, Шымкенттегі дәріханалардағы дәрі-дәрмектердің қоры, медициналық мекемелер мен уақытша орталықтардың мекенжайлары мен телефондарын да біле аласыздар. Бұдан өзге дәрігерлердің пайдалы кеңестеріне қанық болып, өзіңізге керегін түртіп ала аласыздар.

Порталдағы ақпараттық ресурстардың мазмұны күн сайын жаңарып отырады.