ШЫМКЕНТТЕ АЖЫРАСУ САНЫ АЗАЙҒАН

Шымкентте ағымдағы жылдың 1-қаңтарынан бастап 1-қыркүйекке дейін 635 ерлі-зайыпты ажырасу туралы шешім қабылдаған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым аз. Өткен жылдың сегіз айында 1895 жұп ажырасқан болатын.

Бұл туралы деректі Шымкент қалалық статистика департаменті жариялады.

«Отан – отбасынан басталатыны» барлығына аян. Жалпы өмір жолын бірге жүріп өтуге бел байлап, шаңырақ көтерген екі жастың белгілі бір уақыттан соң дәм-тұзы жараспай ажырасуы мемлекет үшін тиімді емес. Сонымен қатар бұл олардан туылған ұл мен қыздың болашағын бұлыңғыр ететін баянсыз қадам десек те болады. Мамандар мұның себебін әртүрлі фактормен байланыстырады. Олар ажырасудың басты себебі бір кездері бірін бір сүйіп қосылған екі жастың мінездерінің үйлеспеуі, түсініспеушілік, материалдық қиындықтар және т.б жағдайлармен байланыстырады. Екі жұп қандай шешім шығарса да келер күннен бақыт күтеді. Бірақ көп жағдайда олар өздері аңсап жүрген бақыт өз отбасында екенін кеш түсініп жатады. Оған дер кезінде қол жеткізу үшін әрбір адам бақытты отбасының құпиясын білуі керек. Ал бақытты отбасының құпиясы неде?

Психолог мамандар бақытты отбасының құпиясы – кең отырып сөйлесуде екенін алға тартады. Бұл күні бойы ойыға келген сөздің барлығын ақтарып тастау дегенді білдірмейді. Ерлі зайыпты екеу күніне 20 минут бір бірімен жылы сөйлессе жетіп жатыр. Бірақ әңгімелесу көрші-көлем, туған-туыс, дос-жарандардың артынан сөз айту дегенді білдірмейді. Жұмыстағы бітпейтін шаруаны айтып шаршаудың да түк пайдасы жоқ. Бұл жерде сүйіктіңізге не ұнап, не ұнамайтынын, арман-мақсаттарыңыз бен жоспарыңызды бөліссеңіз жеткілікті. Одан оның ойында жүрген арманын біліңіз. Бірге өткізген қызықты оқиғалырыңызды еске түсіріңіздер. Жағымсыз естеліктерді еске түсіріп өзіңіздің де жұбыңыздың да көңілін түсірмеңіз. Сондай-ақ бір- біріңіздің бойыңыздағы жақсы қасиеттерді айтудан жарысып, көңіл күйлеріңізді көтеріңіздер.

Қазіргі таңда көптеген отбасылар демалыс күндерінде үнсіз тамақтанып, смартфон, теледидардан көз алмай отырып өткізуді әдетке айналдырып алды десек те болады. Сөйтіп ертеңгісін демалыс күндері кештің қалай батқанын айтып, таусылып отырады. Зая кеткен сол уақытты жарының жанына үңіліп, оны танып білуге, балаларын сергітуге жұмсаса отбасы нығая түсетінін біле бермейді.

Бақытты отбасының бақытсыз отбасыдан өзгешелігі қандай?

– Бақытты отбасының бір біріне деген сенімдері селкеу тартпайды. Олар қабылдауға өте қиын, жүрекке ауыр тиетін тақырыптарды да айтады. Ал бақытсыз отбасылар жүрекке ауыр тиетін тақырыптарды қаузауды қош көрмейді.

– «Сүрінбейтін тұяқ, жаңыласпайтын жақ» болмайды. Бақытты отбасының ерлі-зайыптылары бұл тәмсілді терең түсінеді. Сондықтан да бір-бірлерінің үлкен, сорақы қателіктерін кешіруде батыл қадамға бара алады. Ал сенім мен түсіністік жоқ отбасында ерлі-зайыптылар бір-бірін кешіре алмай қапыда жүреді.

– Бақытты отбасының шаңырағын көтерген жұптардың бір біріне келелі әңгімелер айтуы көп болады. Ал бақытсыз отбасының жұбы ашық жарқын сөйлескеннен гөрі томаға тұйықталып жүргенді дұрыс деп санайды.

– Бақытты ерлі-зайыпты алға қойған жоспарын, өзара қарым-қатынасын, ата-аналарымен қарым-қатынасын, қаржы мәселесін, көңіл-күйінің не себепті жоқ екенін терең талқылайды. Ал бақытқа жете алмай жүрген ерлі-зайыпты тұрмыстық мәселелерді жиі айтады да, арманы мен жоспары, қызығушылығы мен сүйікті ісі туралы ойлары өз ішінде болып, айтылмай қалады.

– Бақытты ерлі-зайыпты қиындыққа тап болғанда, бір-бірінің ойына ден қойып, тығырықтан шығар жол табуды қарастырады. Және бұл қиындықтан өтетіндіктеріне кәміл сенеді. Ал бақытсыз ерлі-зайыпты сөзге қонақ бермей бір-бірінің пікірінің астынан мін іздеп, салғыласумен алтын уақыттарын зая кетіреді.