АНА МЕН БАЛА АУЫР ХАЛДЕН АМАН ҚАЛДЫ

Шымкенттегі қалалық перинаталды орталыққа жедел жәрдем қызметімен орташа есеппен күніне 50 жүкті әйел жеткізіледі. Олардың басым бөлігі орталыққа ауыр халде келіп түседі. Бірақ білікті мамандардың арқасында аналар аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алып, сәбиін құшағына қысып үйлеріне шығарылады. Бұл ретте орталық дәрігерлерінің еңбегін атап өтпеске болмайды.

Ағымдағы жылдың 10-қазанында орталыққа жұқпалы аурулар орталығынан Д. Ниязтаева есімді қала тұрғыны ауыр халде жеткізілді. Жүктіліктің 34-аптасындағы келіншекке дәрігерлер екі жақты пневмония диагнозын қойды. Тыныс алу жолдарының нашарлауына және қан қысымының жоғары болуына байланысты құрсақтағы баланы аман сау дүниеге келтіру үшін жүкті әйелге кесарь тілігімен жедел түрде операция жасалды. Нәтижесінде 34 апта болған нәресте аман-есен дүниеге келді.

Босанған әйелдің жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер отадан соң науқасқа жансақтау бөлімінде қарқынды ем жасайды. Ал ай-күніне жетпей туылған шақалақ перинаталды орталықтағы балалар дәрігерінің бақылауында болды.

Қалалық перинаталды орталық мамандары жүргізген емнің нәтижесінде әйелдің тыныс алуы жақсарып, палатаға ауыстырылады. Реанимациялық емнен кейін сәбиі анасына беріледі. Аз күннен соң ананың да оның сәбиінің де денсаулық жағдайы жақсара түседі.

«Жүкті әйел мен баласын аман алып қалу үшін шұғыл түрде ота жасадық. Ота сәтті өтті. Босанған соң әйел жансақтау бөлімінде ем қабылдады. Мұнан соң физиология бөлімшесіне ауыстырылды. Мұнда емдеу хаттамасына сәйкес ем жүргізілді. Денсаулық жағдайы жақсарған анасы мен баласын 23 қазан күні үйіне шығардық» — дейді қалалық перинаталдық орталықтың дәрігер-акушері Жанар Омарова.