ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ ТАҒЫ ДА ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

Жуырда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы еліміз бойынша барлық өңірлердің жедел жәрдем қызметінің көрсеткіштерін жариялады. Ағымдағы жылдың 9 айы сараланған көрсеткіш бойынша республикада Нұр-Сұлтан қаласының жедел жәрдем қызметі көш бастаған. Жергілікті тұрғындарға жедел қызмет көрсетуде екінші орыннан Павлодар облысы көрінсе, үздік үштікті Шымкент қаласы түйіндеген.

Бұл туралы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бақытжан Позилов мәлімдеді.

Бақытжан Жолдасбекұлының сөзінше өңірлердегі жедел жәрдем қызметінің рейтингісін саралауда Шымкент қаласы сәтті реанимациялық көмек, жедел жәрдемнің жедел жетуі, материалдық техникалық базаның талап үдесіне сай болуы, мамандардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы және тағы басқа көрсеткіштер бойынша жоғары ұпай жинаған.

Жалпы Шымкент қалалық жедел жәрдем қызметі алғаш рет үздіктер сапынан көрініп отырған жоқ. Естеріңізде болса, өткен жылдың шілде айында елордада жедел медициналық көмек бригадаларының және қабылдау бөлімшелері командаларының IV республикалық жарысы өткен болатын. Оған барлығы 18 бригада қатысқан. Жарыста Шымкенттен барған қалалық жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының бригадасы барлық талаптардан өту кезінде жақсы нәтиже көрсетіп, екінші орынға ие болған.

Өмір сүру сапасын барынша жақсартуға бағытталған шарада жерлестеріміз азаматтардың түрлі жарақаттар алғанда, анафилактикалық шок болғанда, ЭКГ оқуда, ай күні толған әйелді босандыруда, клиникалық өлім жағдайында жедел түрде тиісті медициналық көмектерді сауатты әрі сапалы көрсету сынды сындарда жақсы нәтижеге қол жеткізіп, жеңімпаздар тұғырынан көрінген.

Бүгінде Шымкентте тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету мақсатында «103» жедел жәрдем қызметі бойынша байланыс орталығы құрылып, іске қосылған. Орталықтағы шақыру желісінің саны 9-дан 30-ға дейін көбейтіліп, қосылған операторлар саны үш есеге артқан. Мұндағы мақсат айқын. Covid-19 вирусының ықтималды екінші толқыны болған кезде тұрғындарға едел-жедел қызмет көрсетуді жолға қою болып табылады. Осыған орай жедел жәрдем қызметінің шақыру желілерінің санын арттыру бағытындағы жұмыстар тағы да пысықталатын болады.

Жаз айларында Шымкентте эпидахуал өршіген кезде шақыру саны 3500-ге дейін барған болатын. Індеттің беті қайта бастаған уақытта қала тұрғындарының жедел жәрдем қызметіне қоңырау шалуы 1500-ге төмендеген. Қазіргі уақытта жағдай тұрақталып, шақырулар саны 1300 қоңырауға дейін жетіп отыр.