КЕЛЕСТЕ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КӨРКЕЙІП КЕЛЕДІ

Келес ауданында балық шаруашылығымен айналысатын 4 шаруашық бар. Олардың барлығы да соңғы технологиялармен жабдықталған. Соның бірі Қошқарата ауылдық округінде орналасқан “Жақсылық жасау” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі.
Мекеме басшысы кооператив негізін 2018 жылы қалап, құны 250 млн. теңге болатын жобаны іске қосқан. Бұл қаржының тең жартысын, яғни 125 млн. теңгесін Үкімет субсидия ретінде бөлген. Мемлекеттің осындай қолдауының арқасында кооперативтің тасы өрге домалап, шаруашылық күннен күнге өркендеп жатыр. Тіршілігі тіршілік көзінде ғана түзілетін балық шаруашылығы нысанын сумен қамту жағынан да қиындықтар жоқ. «Ұшқын» елдімекеніндегі 250 гектар аумақтағы балық өсіретін аймаққа су Ащы каналынан келеді.
Шаруашылықта жергілікті жердің 15 тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған. Алайда карантиндік шектеулерге байланысты бүгінде 6 адам жұмыс істеуде. Олар балықты ұрықтандыру, ұрығы мен уылдырығын алу технологияларын жетік меңгерген. Кооператив басшысы алдағы уақытта қызметкерлер санын қайта көбейту мен шаруашылық қуаттылығын арттыруды жоспарлап отыр.
Қазіргі таңда “Жақсылық жасау” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің балық өсіру шарбағында 15 мыңға жуық балық бар. Қазіргі көрсеткіш жоспардағыдан әлдеқайда төмен. Себебі, мұнда әлі құрылыс жұмыстары толықтай бітпеген. Жұмыстар толығымен аяқталған соң, бұл шаруашылық мемлекет деңгейіндегі экспорттық тауар шығаратын кәсіптік нысан болып, ішкі экономиканың дамуына үлкен көмегін тигізетн болады.