ӨЗ ЖАРЫҒЫМЕН ЖАНҒАН ЖАН (Нұрмахан Миятұлы Жолдасов жайлы толғаныс)

Нұрмахан Миятұлы Жолдасов дүниеден өтті деген қаралы хабар жер-жаһанды лезде шарлап кетті. Алтай мен Атырау, Қаратау мен Сарыарқа, Мәскеу мен Қытай, Түркия мен Венгрия, Иран мен Өзбекстан, Тәжікстан, тіпті ТМД елдеріндегі ел ағалары мен танымал қоғам және мемлекет қайраткерлері әлеуметтік желілерде көңіл айту хаттарын үсті-үстіне жолдап жатты. Жан тебірентер жақсы сөз жазып, Нұрекеңнің отбасының қайғы-қасіретін бөлісуде. Ал, өзінің туған ауылындағы ауылдастары терең қайғыға батып, жоқтау айтты, толассыз ағыла келіп жатты…

Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы кешегі әріптестері де қайғыны бөлісіп көңіл айту хаттарын жолдады. Нұрекеңнің тірі кезіндегі ерен еңбегін, қол жеткізген толағай табыстарын, дархан мінезін, жомарттығын, еңбекқорлығын, адамгершілігін, отбасы мен Отанына адал екендігін, халқына қосқан өлшеусіз еңбегін, бұқаралық ақпарат құралдары бірінен соң бірі жарыса жариялады.
Нұрекең дүниеден өткенде Азиядағы алып тау, Хантәңірі құлағандай дүмпуі жарты әлемге естілді. Қала, дала, тау, өзен де, күллі табиғат қайғырып бірге егілгендей болды. Мына жалған өмірде сыйласқан жан достары жарты денесінен айырылып қалғандай тым ауыр күйге түсті. Асыл жары мен сүйікті балалары мұңлы күй кешіп, асқар тауларынан айырылды. Зайыбы Нәзипа Диасқызының мәуелі бәйтерегі құлады. Саясынан айырылды. Жан-жүрегіне ащы шер түсті. Еңіреп, езіліп жылаумен ғана жоқтау айтты. Орны толмас өкініш өзегін өртеп, күйдірді. Қанаты қырқылып қалған құстай, ұша алмай талықсып кетті. Адам төзіп тұра алмас, ащы запыран ой кешті. Мұндай мұңға қандай сөз айтып, тоқтау сала аласың. Үн-түнсіз тұншығасың да, отырасың. Көзіңнен аққан жасты да тоқтата алмайсың. «Сабыр қылыңдар, жылау жылауға ұласпасын» дегеннен басқа аузыңа сөз түспей, көмейіңе кептеліп қала береді екен… Ой, жалған дүние-ай, қайран заман-ай!
Нұрекеңнің адамзат қауымындағы орны өте биік еді. Ол тарих тұғырында нақты ісімен тұрақтады. «Сирек ғасыр толғатып, ара-тұра адам ортасына пайда болатын мұндай арда азаматты, Алла тағала адамдар арасына періште бітімді етіп жібереді, бірақ өмірі қысқа болады екен. Сол қысқа ғұмырында ғасыр жүгін бірақ көтеріп, атқарып, тындырып тастап бақилыққа аттанады екен», деген ел арсында түсінік бар. Иә, халық айтпайды, айтса қалт айтпайды. Расында, Нұрекең дәл халықтың берген бағасынан артық болмаса, кем емес кемеңгер азамат еді. Нұрекеңді барлық ел, жалпақ жұрт алдында айту, ол туралы мақала жазу, оның өміріндегі ізгі істерін тану және танытудың да үлкен мән-мағынасы бар, деп білемін. Себебі қарапайым ғана отбасынан шығып, үлкен еңбектің нәтижесінде көптеген мемлекеттік лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, халқына қалтқысыз еңбек еткен азамат болды.
Ол үлкен лауазымға бірден жете қойған жоқ. Оған дейін қарпайым жұмысшы, мұғалім, кәсіпкер, аудан әкімі сынды өте көп өмір баспалдақтарын бір-бірлеп түгел басып өтті. Қоғамдық ортадағы сан қилы жұмыстардың бәрін де өз қолымен істеп, құрыштай болып, шыңдалып шықты. Әкім лауазымына көтерілгеннен кейін, халыққа тіптен жақындай түсті. Әлде біреулерше, шіреніп, шермиіп қалмады. Өз туған ауылында, өз қаржысымен үлкенді-кішілі жеті көпір салдырды. Жомарт жандарды жақсы істерге ұйымдастыра білді. Елдің бірлігін, халықтың ынтымағын сақтады. Ауылындағы не бір азулы да адуын азаматтарды ақылға бағындырды. Сабасына түсірді.
Қарабастау ауылы, кеңес дәуірінен кейін, тозған, жолдарының шаңы аспанға шығып, борқылдап жататын ауыл еді. Нұрекең, Оңтүстік Қазақстан облысы мәслихатының депутаты болған кезеңде, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлес қосты. Соның ішінде туған жерге туын тігіп, мемлекеттен ауқымды қаржы бөлдіріп, Қарабастауды адам танымастай дәрежеде өзгертті. Ауылдың ішкі және сыртқы жолдары жарқыраған асфальт жолға айналды. Бұрма алыс жолдар мен Бадам өзенінен өтетін жолға көпір салынды. Нұрекең, қазақ халқының салт-дәстүрін жақсы ұстанған азамат-тын. Бір кезде сол Бадам өзенінің көпірін салып болған соң, тұсау кесерін жасап, арнайы шақырды. Жақсы ырымға жорып, бірінші болып менің автокөлігімді көпірден өткізді. Достығымыз бен адалдығызмызды көп алдында осылай паш етті. Ендігі жерде Бадам өзенінен Қарабастау елді мекеніне барар жолға салынған көпірді өзінің есімімен «Нұрмахан көпірі» деп атасақ, оның әруағы алдында бір парызды өтеген болар ма едік.
Қарабастауда атыз-арық, су құбырлары жаңартылды. Мектеп, емханалар, мәдениет үй құрлыстары жаңартылып, спорт кешендері салынып, жаңғыртылып, шыт жаңа ауыл бейнесі қалпына келді. Жұмыссыз бос жүрген жастарды жұмысқа шақырып, спортқа бейімі барларды жарыстарға тарта бастады. Сөйтіп тамаша орта, мәдениетті ауылдың негізін қалап шықты, сондықтан барлық халық Нұрекеңді «көреген көзді, көсем сөзді, іскер азамат» деп атап кетті.
Ол тәуелсіз Қазақстанның мемлекет болып нығаюына, экономикасының өрлеуіне, жан санының өсуіне, халқының әл-ауқатының жақсаруына барлық саналы өмірін сарп етті. Нұрекеңнің ұстанған үлкен азаматық ұстанымы бар-тын. Ол «адам бір биікке шыққан соң, өзінің бұрынғы басқан ізін ұмытпағаны жөн. Өз қасиетін сезіне алмаған адам, өзгенің қадіріне жете алмайды» деп қарайтын. Ол лауазымы жоғарылаған сайын, одан ары кішпейіл және ақ көңіл бола түсті.
Арда азаматтың атқарған ісі шын мәнінде нар түйеге жүк болардай салмақты еді. Иә, оны тану үшін ең алдымен туған жері мен шыққан ортасын, басып өткен жолын білу маңызды дедік.
Нұрмахан 1959 жылы 1 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданы, Қарабастау елді мекенінде дүние есігін ашты. М.Әуезов атындағы Шымкент педагогикалық институтын «дене шынықтыру» мамандығы бойынша тәмәмдады. «Қаржы және есеп» мамандығы бойынша біліктілігін арттырды. Еңбек жолын 1977 жылы Шымкент қалалық сүт зауытының механигі болып бастады. Отан алдындағы борышын 1978-1980 жылдары аралығында өтеп келгеннен соң ол 1980-2001 жылдары жұмысшы, мектеп мұғалімі, «АвтоВазҚосымшаБөлшек» дүкенінің меңгерушісі, «Қарабастау» ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарды. Мемлекеттік қызметті 2001 жылды бастап, Шымкент қаласы әкімдігінің индустрия, көлік және сауда басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкім аппараты жетекшісінің орынбасары, қаржы-шаруашылық бөлімінің меңгерушісі, Бәйдібек ауданының әкімі, Сарыағаш ауданы әкімі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры, «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облысы филиалы мен «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты қызметтерін атқарды.
Қазақстанда ат спортының қалыптасуына елеулі үлес қосты. Соның ішінде 1995 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстан облысының «Ат спорты» федерациясының президенті болып сайланып, оңтүстік өңірінің ұлттық Ат спортын дамытып, көптеген жетістіктерге жеткізді. Қызметтегі еңбектері ескеріліп, Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласының Құрметті азаматы атанды. Елбасының «Құрмет» орденімен, бірнеше мерекелік медальдарымен және облыс әкімі, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Елбасы Н.Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына ресми іс-сапарында Сарыағаш ауданынының әкімі — Нұрекеңді жеке қабылдап, оның аудан көлемінде істеген қомақты табыстарына өте жоғары баға берген болса, ел ағалары Өмірбек Байгелді, Сарыбай Қалмұрзаев, Болат Жылқышиевтар ағынан жарылып ақ батасын берді. Елге құрметті, жастарға сыйлы Нұрекең, мақтауға марқаймайтын, мәртебеге бола шалқаймайтын, сынға сынып қалмайтын, болаттай берік бекем азамат еді. Алған бетінен қайтпайтын, өтірік-өсекке мойын бұрмайтын, ойға алғанын орындамай қоймайтын бір беткей, тау тұлға азамат еді. Жалындап жанып, жарқырап жүріп ер мінезімен де, өр тұлғасымен де жұртты өзіне тәнті етуші еді. Көп азаматтар Нұрекеңе еліктеп өсіп келе жатқанын қабырғалас достары, біздер жақсы білеміз. Ол заманның жарқын жаңа бейнесін, өз өмір жолымен сомдап кеткен бүгінгінің батыры деуге әбден болады. Ол ақиқат жолында ештемеден де тайынбайтын, алмас қылыштай қиып түсетін. Ақты ақ, қараны қара деп қара қылды қақ жаратын қазы ділді қара нар азамат еді. Иә, осынау көп жұмысты, жалықпай істеу тек қана Нұрекеңнің ғана қолынан келді. Өкімет қай қызметті тапсырса, сонда барды. Барған жерінің бәрінде жемісті еңбек етті. Халықпен бірге тұрып, бірге жүріп, қарапайым, қажырлы бейнесімен жұрт арасында «Жақсы азамат, іскер басшы, халықтың қамқоршысы» деген атаққа ие болды.
Көзі тірі кезінде-ақ аты аңызға айналды. Нұрекең, бір беткей жан еді. Уәде берсе орындамай қоймайтын арынды басшы еді. Қашан да халықты қолдап, халықты тыңдап, көп өмірін қарапайым халықтың ортасында өткізді.
Елімізде шетелдіктерге жер сату, жалға беру мәселесі көтерілген кезде, ол көпшілік халықты жақтап, жерді сатуға болмайды. «Ата-бабамыздан қалған асыл мұрамызды көз қарашығымыздай қорғаймыз» деп жалтақтамай, биік мінберден билікке ашық пікір айтты. Лауазымды қызметінен айырыламын-ау, деп ойламай өзінің қара басынан елдің мүддесін жоғары қоя білді, сол үшін көптеген қиындықты да бастан кешті, дегенмен қиындыққа мойымады. Өзінің туған халқы мен елі оны төбесіне қойып, біздің батырымыз деп биікке көтерді. Сол үшін де халқы Нұрекеңді өте жоғары бағалайтын, «нағыз бұрынғының билеріндей» деп санайтын. Амал қанша, жасындай жарқырап, елі үшін еселі үлесін қосып, толағай қызметтер атқарып келе жатқан, ел азаматын сұм ажал ортамыздан жұлып алды да кетті.
Ол менің ең жақын, жан досым еді. Сырласым әрі құрдасым еді. Нұрекең дүниеден өтті деген қайғылы хабарды естігенде, есімнен тана жаздадым. Өз құлағыма сенбей, Нұрекеңді қыймай біразға дейін үніз отырғанымды да сезбеппін. Иә, сұм ажал, суық қара жер кімнің көңілін суытпады дейсіз. Қазаға сабыр берсін. Нұрекеңмен бір өңірде туып, біте қайнасып, бірге жүрдік. Бір жұмысты бастар алдында менімен ақылдаспай бастамаушы еді. Істің дұрыс-бұрысына алдымен көз жеткізіп алатын. Өте ұлтжанды, дана басшы еді. Білімі кемелді, түсінігі терең, пікірі салмақты, ойы тұжырымды, жарқылдаған ақ көңіл жан еді.
Сонымен қатар, Нұрекеңнің тірі кезіндегі Отанына, халқына, елі мен жеріне сіңіріп кеткен орасан еңбектерін жазып, айтып кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай, тарих бетіне шығарсақ, Нұрекеңнің де аруағы разы болар еді деп ойлаймын. Ойлап қана қоймай іске асырсақ, бұл біздің азамат алдындағы парызымызды өтегеніміз болар деп ойлаймын.
Нұрекеңнің асыл жары, Назипа Диасқызы, азаматын алтын алақанында әлдилеп, жағасы мен жүрегін кірлетпей, көңілін жүдетпей, қырандай баптап қадіріне жете білді. Табысқа жеткен ердің артында осындай бір дана әйел тұрғанын отбасы мен Отаны, халық, уақыт дәлелдеді. Енді артта қалған тұяқтары үш ұл, бір қызын да, дәл Нұрекеңнің өзіндей етіп тәрбиелеп, халқының қалаулы, елінің елеулі азаматтары етіп жетілдіретініне біз кәміл сенеміз. Мен, өз отбасым атынан үлкен мемлекет және қоғам қайраткері, жан досым, Нұрмахан Миятұлы Жолдасовтың отбасына қайғыра отырып көңіл айтамын. Досымның жатқан жері жайлы, жамылған топырағы торқа, барар жері жәннәт болғай, қабірі нұрға бөленсін. Артында қалған жары мен балалары аман-сау жүрсін.

Бақтыбай Әшімбекұлы
ҚАСЫМБЕКОВ,
Техника ғылымының докторы, професор, Академик.