ТЕРІСКЕЙДЕ ТАМШЫЛАТЫП СУАРУ ӘДІСІН ҚОЛДАНАТЫНДАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы, Созақ ауданының шаруалары қазіргі заман ағымына үндесе жұмыс істеуге бел буып, «Бастау – Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерінің қыр-сырын үйрететін оқу-семинарларға қатысуда. Соған сәйкес, аудан диқандары тамшылатып суару технологиясымен егін егу ісінің тетігін табуға талпынып-ақ келеді.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен өңірлердегі қаржылық сауаттылықты арттыру, жаңа бизнес көздерін ашу, халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатындағы мұндай шараларға қатысу арқылы бірқатар сертификат алған теріскейлік тұрғын мемлекет есебінен берілетін бір жолғы қайтарымсыз берілетін 555 000 тенгеге ие болып, оны игілікті жұмысқа жаратып отыр. Қайтарымсыз қаржыны алған азаматтардың ішінде тамшылатып суару әдісі бойынша үй іргелік жерлеріне бақша өнімдерді егуге екпін бергендері жетерлік.
Солардың бірі Шолаққорған ауылының тұрғыны Райхан Ахметова. Зейнет жасына жетсе де құр қарап жүруді көңілі қош көрмейтін ол үй іргелік 3,5 соттық жерінде тамшылатып суару әдісін қолданып, бақша өнімдерін өсірген. Еткен еңбегінің жемісін көретін күн де туып, мол өнім жинап алды. Тамшылатып суарудың тиімділігіне көз жеткізген Райхан апа келер жылы егіс көлемін арттыруды көздеп отыр.
Тамшылатып суару әдісінің тиімділігін көрген тағы бір азамат Жартытөбе ауылының тұрғыны Бағила Бердиева. Бақшасында жеміс-жидегі жайқалған шаруа иесі тамшылатып суару арқылы шығынның мейлінше азаятынына көз жеткізіп, осындай шаруаның басы-қасында жүргендері жаңашылдыққа жатырқай қарамауға шақырады. Сонымен қатар ол, тамшылатып суару әдісі егіс алқабында зиянды шөптердің өсіп, күш алып кетуіне кедергі тудырмайтынын айтады.
Жалпы Созақ ауданында осы әдісті қолға алған диқандар көп. Бүгінде тамшылатып суару әдісімен бақша өнімдерін егуді көздеп отырған 12 азамат мемлекет есебінен берілетін бір жолғы 555000 теңге алуға өтініш білдірген. Қазіргі таңда олардың берген өтінімдері комиссия қарауында. Мамандар тамшылатып суару әдісіне көшуге көп жұрттың бет бұруын ауылшаруашылық бөлімінің қызметкерлері мен ауыл әкімдерінің диқандармен жүргізген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі деп біледі.