ӘЙТЕНОВ АУДАН ӘКІМДЕРІН СЫНАП ТАСТАДЫ

Бүгінде Шымкент қаласында көпқабатты үйлер аумағында орналасқан қоқыс алаңдарындағы қалдықтар күніне екі рет, ал жеке секторлардағы үйлерде аптасына бір рет әкетіледі. Алайда бұл бағыттағы жұмыстар көп жағдайда шала-шарпы жүргізіледі. Мәселен қазіргі таңда қоқыс алаңшалары санитарлық тазалаудан жүйелі түрде өткізілмейді.

Ал аялдамалар мен көше бойындағы қоқыс жәшіктері үнемі толып тұрады. Қаланы аралау кезінде осындай ретсіздікке талай көз жеткізіп жүрмін.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов кезекті жұмыс жиналысында осы мәселені көтеріп, бұл жағдай аудан әкімдері тарапынан бақылау жұмыстарының жоқтығының белгісі деп қадап айтты.

Биыл Шымкенттегі Абай, Әл-Фараби, Еңбекші және Қаратау аудандарына бағытталған 4 милиард теңге есебінен 1500 қоқыс контейнерлерін алу жоспарланғаны белгілі. Өз кезегінде Мұрат Дүйсенбекұлы қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары кешеуілдеп жатқанын айтты. Сөйтіп аудан әкімдері мен энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Жаманкөзге ескерту беріп, семіз сөйлемей, нақты іске көшуді тапсырды.

Сонымен қатар ол, жеке сектор аумағында арнайы қоқыс алаңшасын орнату туралы тапсырмасының тиісті деңгейде орындалмағанын да атап өтті. Қала басшысы алдағы уақытта айтылған сыннан қандай нәтиже шығатынын бақылауда ұстайтынын жеткізді.

Бүгінде Шымкент қаласында 488 қоқыс алаңшасы бар. Ол жерде барлығы 2039 қоқыс контейнері орналастырылған.