ҚҰРЫЛЫСҚА ҚОЛДАНЫЛАТЫН МАТЕРИАЛДАРДЫҢ 98 ПАЙЫЗЫ ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛЕДІ
Шымкентте құрылыс жұмыстары қарқынды. Бүгінде үшінші мегаполисте 252 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Олардың жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрден асады. Сонымен қатар 400 шақырымнан асатын жол жөнделуде. Бұдан бөлек, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында барлығы 143 аулаға балалар ойын алаңшасы орнатылып, 24 спорт алаңшасы салынып, 55 спорт алаңшасын ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары, 21 аулада балалар ойын алаңшасын жөндеу және т.б жұмыстар жүруде.
Жүргізіліп жатқан құрылыстардағы отандық өнім үлесі 98 пайызды құрап отыр. Нәтижесінде биыл қалада құрылыс өнімдерінің өндірілуі арта түскен. Мәселен, бүгінде қалада құрылыс материалдарын шығаратын 215 ірі, орта және шағын кәсіпорындар бар болса, ағымдағы жылдың алты айында олармен 34,2 млрд. теңгенің құрылыс материалдары өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,5 пайызға көп. Өңделген құрылыс материалдарының көлемі қаланың жалпы өнеркәсібінде өндірілген өнімдердің 13,2% -ын құрайды.
Отандық құрылыс материалдарын өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында 2020-2021 жылдары 9 инвестициялық жоба жүзеге асыру көзделуде. Жобалардың құны 2,9 млрд. теңгені құрап отыр.
Соған сәйкес, келер жылы үш темір бетон өндірісі мен шыны пластиктер, газоблок, асфальтбетон, жолаяқ тақталарының өндірісі және полипропилен, поливинилхлорид, термоэластопласт бұйымдарының өндірісі, әрлеу материалдары мен құрғақ құрылыс қоспалары сынды жобалар іске қосылады.