ҮНЕМДЕЛГЕН БЮДЖЕТ ҚАРЖЫСЫ ҚАЙДА ЖҰМСАЛАДЫ?

Шымкент қаласының әкімдігі карантиндік шаралардың ұзартылуына байланысты жергілікті бюджетті оңтайландыру нәтижесінде 11,2 млрд. теңге болатын қаржыны үнемдеді. Оңтайландырылған бұл қаржы мәдени іс-шараларды өткізуден, қызметтік іс-сапар шығыстарынан, мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту есебінен жүргізілді.

Жуырда қала билігі үнемделген 11,2 млрд. теңгені медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға және азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге жұмсауды қолға алды. Биліктің бұл ұсынысын қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.

Енді пандемияға байланысты қысқартылған қаржылардың 3 359,3 млн.теңгесі медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалса, 219,1 млн. теңге азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталады. Сонымен қатар 989,8 млн. теңге білім саласындағы мектептер мен мектеп интернаттарды материалдық- техникалық жаңғыртуға, 111,7 млн. теңге алты көпқабатты тұрғын үйдің 12 лифт қондырғысын ауыстыруға және қалған қаржы шағынаудандардағы инфрақұрылым, абаттандыруға жұмсалатын болады.

Жергілікті билік карантиндік шектеулерге қарамастан қалалық бюджеттің кірісі төмендемегенін алға тартады. Бүгінде қалалық бюджеттің өзіндік кірістері 21,8 млн. теңгеге ұлғайып, 133 млрд. теңгеге жеткен.