АРНАЙЫ САЙТ ВИРУС ТУРАЛЫ НАҚТЫ АҚПАРАТ ТАРАТАДЫ

Соңғы кездері коронавирус індетін қалай алдын алу керектігі немесе одан аз күннің ішінде құлан таза айығудың жолдары туралы ақпараттар ағыл-тегіл. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы шындықтың ауылынан алыс жатқанын көп жұрт біле бермейді.

Сөйтіп, өз бетінше ем жүргізіп, дертіне дерт жамап алады. Халық сондай жалған ақпараттың құрбанына айналмас үшін Шымкентте коронавирус туралы нақты мәлімет тарататын арнайы сайт ашылды.

Аталған сайттың ішінде Сіз іздеген мәліметтердің барлығы қамтылған. Мәселен, басты бетте коронавирус жұқтырған науқастардың саны, олардың қаншасы емделіп шыққаны мен қайтыс болған адамдар көрсеткіші туралы ақпараттар жарияланады. Бұдан бөлек аурудан сақтанудың нақты жолдары мен оның белгілері туралы мәліметтер келтірілген. Бірыңғай ақпараттық порталда азаматтар ауруханаларда және провизорлық орталықтардағы орындардың науқастармен қамтылуын біле алады.

Ақпараттар легі күн сайын жаңартылып отыратын сайтта азаматтар желіде жарыса жазылып жүрген коронавируске қатысты түрлі ем-дом жолдарының қайсысы фейк, қайсысы нақты факті екенін де біле алады.

Сонымен қатар онда дәрігерлердің қатысуымен бейне-брифингтер өтіп, аурудың алдын алу, оның белгілері және сақтану ережелері туралы мағлұмат беріледі. Сондай-ақ, сайтқа кіре отырып, медициналық мекемелер мен провизорлық орталықтардың мекен-жайлары мен телефондары туралы ақпаратты да табуға болады

Сайтқа кіру сілтемесі : http://www.covid19shymkent.kz.