ЖҮК КӨЛІКТЕРІНІҢ ЖҮРІСІ ШЕКТЕЛЕДІ

Шымкентте жүк көліктерінің қозғалысына шектеулер енгізілді. Енді үшінші мегаполистің орталық көшелеріндегі жолдардың жүктемесі 5 тоннадан аспайтын болады. Бұған дейін қаладағы Т.Рысқұлов, Әл-Фараби, С.Қожанов, Мәделі қожа, Жібек жолы, Т. Өтегенов, Сыпырған ата, Ұ.Арғынбеков, Ұ.Арғынбеков көшесі мен Н. Назарбаев даңғылын қосатын атауы жоқ көшелермен Темірлан тас жолы даңғылдарында салмағы 5 тоннадан аспайтын техникаларды тізгіндеу мүмкін болып отыр. Орталық көшелердегі көлік қозғалысын оңтайландыру, кептелістерді болдырмау, жол-көлік оқиғалары мен жолдардың мерзімінен бұрын бұзылып қалуын алдын алу мақсатында енгізілген бұл шектеу ережелері ағымдағы жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енеді.

 

Бұл туралы журналистерге Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов айтып берді.

Басқарма өкілі 13 тоннаға дейінгі жүк көліктері қаладағы Түркістан, Темірлан, А-2 «Алматы-Ташкент-Термез», КХ-37, Ташкент тас жолы, Бөгет, Баян батыр, Қамысты, И.Тайманұлы, Қапал батыр, Сайрам, Желтоқсан, Кутузов, Момынов, Жібек жолы, Алматы тас жолы (кіші айналма жол), Қ.Төлеметов және Ынтымақ көшелері КХ-82, КХ-83, №1 автомобиль жолдары арқылы жүргізілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар ол, Ю.Гагарин, Б.Алпысбаев, Шаумян, Сеченов, Н.Исмаилов, Рашидов, Володар, І.Жансүгіров, Анаров, Ақназар хан, Сайрам көшелерімен үлкен салмақты жүк көліктерінің және орта-кіші жүк көліктерінің қозғалысына жағдай жасалатынын жеткізді. Себебі, аталған көшелер жүк көліктерінің тауарлар мен шикізаттарды жиі тасымалдайтын жергілікті жердегі «Қорғасын» және «Меланж» зауыттары аумағындағы фабрика, зауыт, өндірістік нысандар мен қоймаларға жетуін қамтамасыз етеді.

Қазіргі таңда Шымкентте жалпы ұзындығы 414 шақырым жол орташа және күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысы жүріп жатқан нысандарға ауыр жүк көліктерінің құрылыс заттарын кедергісіз жеткізуі үшін қалалық әкімдік пен әкімшілік полиция басқармасымен бірлесіп жүру көшелерін анықтап, көліктердің жүру сызбасы жасалатын болады. Бұл сызба құрылысты жүргізіп жатқан мердігер мекемелердің ұсыныстары мен сұраныстарына орай жасалады.

Сөз соңында елімізде 400 мыңнан астам жүк көліктері бар екенін айта кетейік.