СТАНЦИЯЛАР САПАЛЫ ИНТЕРНЕТ ЖЕТКІЗЕДІ

Шымкенттегі шағынаудандардың барлығы жоғары сапалы интернетпен қамтамасыз етіулі тиіс.

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов қалалық цифрландыру басқармасына осындай тапсырма беріп отыр.

Қазіргі таңда қала аумағындағы 105 шағынаудан мен тұрғын алаптары интернет желісімен қамтамасыз етілген. Оның ішінде мобильді интернетке -74, сымды интернетке — 79, талшықты-оптикалық байланыс арнасына — 49 шағын аудан қол жеткізген. Дей тұрғанмен, 20 шағынауданда интернет желісі, ал 16 тұрғын алапта мобильді интернет сапасы нашар екен. Осы олқылықты реттеу үшін қалалық цифрландыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д.Әлібеков қаланы сапалы интернетпен қамтамасыз етудің 2020-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын әзірледі.

Соған сәйкес, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес ұялы байланыстың базалық станцияларын орнату үшін қала аумағынан 11 жер телімі анықталған. Байланыс станциялары орнатылатын нүктелер Google maps картасында белгіленген. Олар Н. Назарбаев даңғылы, Арғынбеков пен Айша бибі көшесінде, Қайтпас, Шымсити-Асар қиылысында, Қайнарбұлақ шағын ауданы, «Асар» шағын ауданындағы ішкі айналма жолы, Шымкент-Алматы тас жолынан «Достық» шағын ауданы бағытына қарай, Төлеметов-Өтегенов көшелерінің қиылысына қойылады деп жоспарлануда.

Аталған стратегиялық жоспарда қаланы интернетпен қамту мәселесі бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшы топ құру, тұрғындарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету үшін байланыс операторларымен меморандум түзу, орнатылған базалық станциялардың адам өміріне қауіпсіздігі жөнінде тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізу бойынша нақты жұмыс жоспары жазылған.

Сонымен қатар тұрғындардың смартфон қуаттап, жалпыға қолжетімді Wi-Fi пайдалануына мүмкіндік беретін құрылғы «Ақылды күнбағыс» кешенінің қызметін күшейту және санын арттыру көзделген. Қазіргі таңда «Ақылды күнбағыс» электронды жүйесінің 20 данасы Шымкенттегі «Тәуелсіздік», «Орталық», «Металлург», «Жеңіс» саябақтары мен А. Асқаров атындағы дендросаябағы, Қошқар ата өзені жағалауына қойылған.