АБАЙ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ АРТЫҚ ӘРЕКЕТКЕ НЕГЕ БАРАДЫ?

Газетіміздің өткен санында «Қырық кісі бір жақ, ал Абай ауданы әкімдігі бір жақ па? немесе, Парманов Президент пәрменін орындауға неге құлықсыз?» атты мақала жарияланған болатын. Аталған мақалада Шымкенттегі «Самал-3» шағынауданындағы «Мәңгілік Ел» көшесіне маусым айының басында төгілген тастардың неге бір айға жуық уақыттан бері төселмей жатқаны туралы айтылған еді. Бұл мәселені «Уақыт. Кз Желілік Басылымы» арқылы жариялап, Абай ауданы әкімдігі назарына жеткізсек те, нақты жауап келмегенін жазылған-тын.

Сонымен қатар, Гагарин көшесіндегі бұрынғы «Мөлдір су» моншасының күл-қоқыстан көз ашпай жатқаны туралы тұрғындар шағымының нәтижесіз болып келгенін айта келе, әкімдіктің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына жүрдім-бардым қарауын сын тезіне алған едік.

Мақала жарияланған соң әкімдік өкілдері газет тілшілеріне хабарласып, онда көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстардың атқарылғанын хабардар етіп, оған негіз болар дәлел-дәйектерді ұсынды. Тұрғындар жанайқайына билік назарын әупірімдеп жүріп әрең бұрып, одан нақты нәтиже шығарылғанына біз де қуандық.

Бірақ Абай ауданы әкімдігі осы жұмыстардың орындалуын жолға қою барысында сол маңдағы тұрғынды «Біздің көшеге («Мәңгілік Ел») қатысты жазылған шағым негізсіз. Ол үшін әкімдіктен кешірім сұраймыз» деп «сөйлетіп», оны желіге жүктеп жіберіп, артық әрекетке баруын түсіне алмадық.

Шағымның негізсіз екенін әкімдік өкілі бізге «Бұл тастар асфальт қалдықтары. Ол бұл жолға уақытша төселіп отыр. Бұл үшін бюджеттен бір тиын да қаралмаған» деп түсіндірді. Сонда тастар демеушілік жұмыс ретінде төселеді деп жолда айлар, жылдар бойы тау-тау болып үйіліп тұру қажет пе? Бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен мыңдаған отбасыларға көптеген жомарт жандар есебінен азық-түлік себеті таратылады. Сонда осы істің басы-қасында жүрген азаматтар «бюджеттен бұл үшін тиын да қаралмады» деп ас-ауқатты «итке сүйек лақтырғандай» етіп үлестірсе қалай көрінетін еді? Және ол тамақтан қалай өтер еді? Сол сияқты әкімдіктің қазынадан қаржы қаралмаған деп, көшеге тасты төсеп, үйінділерді «блок-постқа» айналдырып, арқаны кеңге салып жүре беруі ақылға сыймайтын тірлік деп білеміз. Және көптің мүддесінен гөрі, жеке басын ойлайтын табаны тайғақ тұрғындар арқылы абырой жинауға тырысып баққаны артық әрекет болды. Оны қойшы әкімдіктің «негізсіз шағым негізінде» атқарылған осы жұмыстарды ақпараттық-коммуникациялық орталық назарға алған деп айды аспанға бір-ақ шығаруына «менде аң таң, апам да аң таң» болып қалдық. Біз үшін маңыздысы бұл емес. Тұрғындар талабының орындалғаны болып отыр.

 

С. НҰРАЙ.