ҰБТ-2020: АЛҒАШҚЫ КҮНІ ТЕСТІЛЕУДЕН ШЕТТЕТІЛГЕНДЕРДІҢ КӨПШІЛІГІ ТҮРКІСТАН МЕН ШЫМКЕНТТЕ ТІРКЕЛДІ

Кешегі жексенбі мыңдаған жас өскін үшін бақ пен бап қатар сыналатын күн болды. Өйткені дәл сол күні елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Бұл күні 6206 оқушы тест тапсырды. Бірақ оқуға түсудің сайысына жолдама алғандардың барлығына бірдей сәттілік серік бола алмады. Барлығы 160 оқушы ҰБТ талаптарына қатысты қойылған ортақ тәртіпті бұзғаны үшін тесттен шеттетілді. Ережеге қырын қараған олар енді Ұлттық бірыңғай тестті бір жылдан соң тапсыруға мәжбүр болады.

 Бұл туралы еліміздің Білім және ғылым министрлігі хабарлады. Жалпы биыл әлемді жайлаған пандемияға байланысты тест тапсыру жылдағыдан өзгеше форматта өтетіні ескертілген-тін. Соған сәйкес, түлектер коронавирус індетіне байланысты енгізілген карантиндік талаптарды ұстанып, аудиторияларда әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, бетперде киіп отырады. Олардың індетке байланысты сақтық шараларымен қатар, өзге де талаптарды сақтауы қажеттігі де хабарланған. Яғни, бақылаудың күшейетіні, соған сәйкес, темір детектор арқылы тексеру кезінде тыйым салынған заттар табылатын болса, оқушылардың тестілеуге кірмейтіні талай рет айтылған.

Өкінішке орай ҰБТ-ның алғашқы күніндегі нәтижесі 160 оқушының бұл талапқа селқос қарағанын көрсетіп отыр. Олардың 73-і тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін, ал 87-сі ережелерді бұзғаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен қағылды. Министрлік таратқан есепте ережені ескермеген түлектердің көпшілігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласында тіркелгені көрсетілген.

Биыл ҰБТ тапсыру 21-маусым мен 5-шілде аралығында өтетінін ескерсек, тәртіпті бұзатын түлектердің саны туралы сандерек әлі де өзгеретін сыңайлы. Оның үстіне 25-тамызға дейін комиссия әр аудиториядан алынған бейнежазбаны зерделейді. Бейнематериалда қандай да бір талапкердің ҰБТ ережесін бұзғаны анықталса, оның тест нәтижелері жойылатыны тағы бар.

Еске сала кетсек, биыл елімізде 130 мыңнан астам түлек ҰБТ тапсырады. Олардың 111 017 осы жылғы мектеп түлектері болса, 20 мыңға жуығы мектеп және колледждердің бұрынғы түлегі.

Жоғары оқу орнына түсу үшін түлектер қанша балл жинауы қажет? Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ұсынған мәліметтер бойынша шекті балл педагогикалық мамандықтарға-70, ұлттық жоғары оқу орындарына немесе медициналық мамандықтарға-65, агроөнеркәсіп кешені мамандықтарына-60, қалған оқу орындарына-50 балл болып белгіленген.

Министрлік мәлімдеген деректерге сүйенсек, кеше 6 512 адамның тестілеуден өтуі жоспарлаған. 144 талапкер ҰБТ-ға келмеген. 2 талапкерде жоғары температура анықталған. Олар ҰБТ-ны басқа күні тапсыратын болады.