ТУРКІСТАНДА ТУРИЗМ УНИВЕРСИТЕТІ ҚҰРЫЛДЫ

Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті құрылды.

 Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған бұл оқу ордасы Елбасының бастамасы негізінде мемлекет басшысының тапсырмасымен ашылып отыр.

Қазақстандағы халықаралық деңгейдегі тұңғыш университет туризм саласындағы әлемдік деңгейдегі мамандар дайындайтын болады. Туристік бизнестің нақты қажеттілігі ескерілген университеттің төрт жылдық білім беру бағдарламасының нәтижесінде түлектер халықаралық үлгідегі екі диплом алады. Бұл олардың әлемнің кез-келген жерінде өз мамандығы бойынша еш кедергісіз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Онда отандық және шетелдік профессорлар, ғылым докторлары мен туризм және сервис саласындағы алдыңғы қатарлы ірі компаниялардың ТОП-менеджерлері дәріс оқиды. Сондай-ақ, түлектер тәжірибесін БҰҰ Халықаралық туристік ұйымында (UNWTO) жетілдіретін болады.

Университет базасында біліктілікті арттыру орталығымен бірге IELTS, TOEFL сияқты халықаралық емтихандарды тапсыру, шет тілдерін тереңдетіп оқыту үшін тіл орталығы жұмыс істейді.