«ЖЫЛУ» МЕКЕМЕСІ ЖЫЛУДЫ КӨМІРМЕН ЕМЕС, КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ЖЕТКІЗЕДІ

 

Соңғы жылдары Түркістан қаласын көк түтін тұмшалайтыны туралы мәселе көп көтеріліп келеді. Тұрғындардың қолқасын қауып, көзін ашытатын мұндай жағымсыз құбылыс қоршаған орта үшін де, жергілікті халықтың денсаулығы үшін де кері әсер беретіні сөзсіз. Жергілікті билік күн суығаннан бастап киелі кентті көк түтіннің басуын қаладағы жеке тұрғын үйлер мен кәсіпкерлік нысандардың көмір жағатынымен түсіндіреді. Ондағы «Жылу» МКК мекемесінің көпқабатты тұрғын үйлерге жылуды көмір жағу арқылы жеткізетіні «жығылғанға жұдырық» болуда. Осыған орай қала әкімі Рашид Аюпов осыдан біраз уақыт бұрын қаланы жаппай газдандыру арқылы оның көк түтінге орануына жол бермейміз деп бек сендірген еді.

Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

 

Осы аптада қала әкімі Рашид Аюпов «Жылу» мекемесіне арнайы барды. Аталған мекеме алдағы жылу беру маусымынан бастап көгілдір отынға көшетін болады. Осы бағыттағы тиісті жұмыстар қолға алынған. Қазірдің өзінде қажетті құралдар алынып қондырғыларды қондыру жұмыстары басталып кеткен.

Енді «Жылу» мекемесі жергілікті нысандарды жылытуды көмір жағып емес, алаулаған көгілдір отын арқылы жүргізетін болады. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы 1-қазанға дейін аяқталуы тиіс. Нәтижесінде көпқабатты тұрғын үйдегі тұрғындарға жаңа жүйемен жылу берілетін болады.

Жалпы Түркістан қаласындағы жұмысы жауапты «Жылу» мекемесі жергілікті биліктің талабын орындауда талап үдесінен шығуға барын салып келеді. Естеріңізде болса осы жылдың 8-сәуірінде күнгейде күн күрт суып, біраз тұрғындар дірдек қаққан болатын. Ауа температурасының төмендеуі Түркістан қаласында да байқалған. Соған байланысты орталық жылу қазандығы арқылы жылынатын көпқабатты үй тұрғындары жаурай бастаған еді. Себебі сол уақытта жылу беру маусымы тоқтаған-тын. Бірақ қала әкімі соған қарамастан жауапты мамандарға көпқабатты үйлердің жылуын қайта қосуды тапсырған еді. Сол кезде Шымкенттің бірқатар белсенді тұрғындары Рашид Абатұлының бұл ісінен Шымкент әкімі Әйтенов үлгі алу қажеттігін айтып, жылуды қайта қоспаған әкімдікке ренішін жеткізген еді. Бірақ одан түк нәтиже болмаған. Бұл өз алдына бөлек тақырып.

Бұдан бөлек Рашид Аюпов сәуір айындағы суық күндерге байланысты жағылған бірер күнге жеткізілген жылу үшін жұрт ақы төлемейтінін, оның барлығы демеушілер есебінен болатынын айтып, тұрғындарды тағы қуантқан еді. Қала әкімі мұны төтенше жағдай кезінде онсыз да қиналып отырған тұрғындар үшін жасалған жеңілдік деп түсіндірген.

Сонымен қатар қала әкімі Рашид Аюпов «Жылу» мекемесінің басшылығына нысан аумағын абаттандыру, күтіп ұстау тапсырмасын берген. Соның негізінде қазіргі таңда орталық жылу қазандығы мекемесі маңайына 500 түп ағаш көшеттері отырғызылған. Сонымен қатар оның айналасын көзге қораш көрінетін шөптерден жүйеле түрде тазалау жұмыстары да бірізге түскен.