КҮНГЕЙДЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ТЕХНИКАЛАРЫ ҚҰРАСТЫРЫЛАДЫ
Республика бойынша 185 мың ауыл шаруашылығы техникасы бар. Өкінішке орай олардың 76%-ы ескірген. Ал Түркістан облысы бойынша 19 мың ауыл шаруашылығы техникаларының 83%-ның тозығы жеткен. Бұл мәселені реттеу үшін енді облыста ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылатын болады.
Игі бастама Түркістан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Ресупбликасының «Узагротехсаноатхолдинг» АҚ және қазақстандық «Orbis Kazakhstan» компаниялары арасында жасалған үшжақты инвестициялық келісім негізінде жүзеге асады. Үшжақты бірлескен жоба «Turkistan» индустриалды аймағындағы «Brownfield» өндірістік алаңында жүзеге асырылады.
Барлығы 12 миллион АҚШ доллары бағытталған ауқымды жобаның жүзеге асуы үш кезеңнен тұрады. Жоба жүзеге асқан кезде 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
Жобаны жүзеге асыру кезінде инвесторлар әмбебап жер айдау тракторы, мақта шаруашалығына арналған агрегаттар, түрлі тіркемелер мен роторлы орақтар, су бүрку желдеткіштері мен соқа сынды агроөнеркәсіптік кешен бағытында көп сұранысқа ие техникаларды құрастыруға басымдық беретін болады.
Жоба аясында өзбекстандық «Узагротехсаноатхолдинг» компаниясы қазақстандық мамандарды оқыту мен біліктіліктерін арттыруды, техникалық персонал үшін тәжірибелік тренингтер жүргізуді де жүзеге асырады. Ал, отандық «Orbis Kazakhstan» компаниясы Қазақстан Республикасының аумағында ауыл шаруашылығы техникаларын сату үшін дилерлік және сервистік желіні дамытуға мән береді.
Қазіргі таңда «Turkistan Invest» тарапынан инвестормен жобаны одан әрі іске асыру үшін қажетті ақпарат алмасу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев мұндай жобалардың екі ел үшін де маңыздылығы зор екенін атап өтті. Ал «Узагротехсаноатхолдинг» АҚ-ның басқарма төрағасы Н. Отажонов біздің өңірдің инвестициялық ахуалына жоғары баға берді.
Жобаға қызығушылық танытқан өзбекстандық компанияның басшылығы 49/51% шарты негізінде, акциялардың негізгі пакеті «Orbis Kazakhstan» қазақстандық серіктес компаниясында болуды жөн көрді.
«Orbis Kazakhstan» компаниялар тобы – экономиканың түрлі салаларында жұмыс істейтін, ондаған кәсіпорындар мен ұйымдарды біріктірген көп бейінді отандық компания. Компаниялар тобы мұнай сервисі, мұнай химиясы, агробизнес, құрылыс, көлік, тасымалдау және қоғамдық тамақтану бойынша қызметтердің кең түрін жүзеге асырып келеді.