«ҮЙДЕ ОТЫРУЫМ КЕРЕК ЕДІ» ДЕГЕН ӨКІНІШ БАР…
Мақсұт ИСАХОВ,
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
Шымкентте көліктер мен адамдардың қозғалысын қатаң бақылау үшін арнайы портал іске қосылды. Аталған порталда карантин кезінде жүруге рұқсаты бар адамдар мен көліктердің дерегі сақталған.
Бұл туралы Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов мәлімдеді. Енді қалада аталған порталда тіркелген азаматтарға, жеңіл және жүк көліктерінің жүруіне рұқсат беріледі. Бұған дейін азаматтар қалада жүргенде немесе блок-бекеттерден өту кезінде жұмыс орнынан берілген рұқсат қағаздарды көрсетуі қажеттігі талап етілген. Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдай жөніндегі штаб шешімімен қаланың бас санитарлық дәрігерінің №9 қаулысымен бекітілген бұл ереже тоқтатылып, қозғалысты электрондық жүйе арқылы бақылау қолға алынып отыр. Оның себебін Мақсұт Пернебайұлы «Тәртіп сақшылары біраз азаматтың рұқсат беретін анықтамаларының жалған екенін анықтады. Құрылыс компанияларының кадр мамандарына 3000 теңгеге анықтама жаздырып, қалада еркін жүретіндер кездесті. Жол талғамайтын қымбат көліктерді тізгіндегендер «жеткізу қызметімен айналысамын» деген желеуді айтуда. Осындай сылтауларды айтушылар көп. Қыдырып жүргендер жетерлік. Қала карантинге жабылғанға ұқсамай кетті. Сондықтан да біз осындай жүйені қолға алдық. Соның негізінде рұқсат қағазын көрсету тоқтатылды. Енді қала тіршілігін қамтамасыз ететін азаматтар, көліктер, карантинге қарамастан жұмыс істеуге рұқсат берілген қызметкерлер туралы деректер порталында көрініп тұрады. Тәртіп сақшылары Сізді сол портал арқылы тексеретін болады. Егер де ол жердегі тізімде жоқ болсаңыз, ҚР ӘҚБтК-нің 476 бабы бойынша жауапқа тартыласыз», — деді.
Сонымен қатар ол «Індет көз ілеспес жылдамдықпен көбейіп жатыр. Әлемде 2 миллионнан астам адам коронавирусты жұқтырған. Өзге елдерде болып жатқан жағдайдан біз сабақ алып, барынша сақтық шараларын күшейтуіміз қажет. Қазіргі таңда қалада 18 блок-бекет қойылған. Блок-бекеттен өтпек болған екі азаматтан коронавирус індеті анықталды. Мұның өзі зор нәтиже. Себебі, блок-бекет болмаса, әлгі екі азамат арқылы қаншама адам ауру жұқтыруы мүмкін еді. Тіпті бұл туралы айтудың да, болжаудың өзі қорқынышты»,-деп, сақтық шараларының барлығы халықтың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқанын айтты.
Аталған жиынға Шымкент қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Береке Дүйсебековте қатысты. Ол электронды порталға ену үшін азаматтар қалалық әкімдік сайтындағы Шымкент карантин иконкасын басып, өтінім беруге болатынын айтты. Тек ол үшін Сіздің Шымкент қаласының бас санитарлық дәрігерінің ағымдағы жылдың 2-сәуірдегі №9 қаулысында көрсетілген карантин кезеңінде жұмыс істеуге рұқсат берілген жұмыскерлер мен сала мамандарының өкілі болуыңыз қажеттігін ескертті.
Ағымдағы жылдың 14-сәуіріндегі жағдай бойынша электронды порталда тіркеуде тұрған азаматтар саны 85 мыңды құрайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар ол, порталға азаматтарды тіркеу 2-3 күнге дейін жалғасатынын жеткізді. Және де электронды порталда тоқтаусыз тіркеу болмайтынын ескертті.
Өз кезегінде М. Пернебайұлы қала тіршілігінің қамтамасыз ету үшін азық-түлік тасымалымен шұғылданатын автокөліктер блок-бекеттерден еш кедергісіз өтетінін баса айтты. Егер де олардың блок-бекеттерден өтуіне бөгет жасалса, құзырлы орган өкілдеріне шағым түсіруге болатынын жеткізді. Сондай-ақ, Шымкент қаласына құрылыс материалдары немесе басқа да тауарларды әкелетін немесе қала аумағынан әкететін барлық жүк көліктері «жасыл дәліз» режимі бойынша блок-бекеттерден еш кедергісіз өткізілетінін еске салды.
Әкімдік өкілдері Pillikan компаниясы құрған электронды портал бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жасалғанын, бұл үшін бюджеттен ешқандай қаржы қаралмағанын алға тартты. Сонымен қатар аталған порталға тіркелген азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігі толық қорғалатынын, олар Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығарылмайтынын, барлығы «Қазақтелеком» серверінде сақталатынын хабардар етті.
Осы ретте карантинде отырған адамдардың тұрмыстық қажеттіліктер үшін базарларға, дәріханаларға, емханалар мен ауруханаларға, қадамдық қашықтықтағы дүкендерге баруы үшін электронды порталға тіркелуге міндетті емес екенін ескерте кетейік.
Осы жиын барысында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов «Біз коронавирус індетінің зардабын көріп жатқан азаматтармен де жүздесеміз. Сол кезде олар «бұлай боларын кім білген? Үйде отыруым керек еді..» деп өкініштерін ашық айтады. Барлығы өкініп отыр. Біз олардың бұл өкініштерінен сабақ алып, үйден шықпауымыз қажет»,- деді.
Сөз соңында қала тұрғындары төтенше жағдайға байланысты кез кезген сауалдарына 39-50-55 нөміріне қоңырау шалу арқылы жауап ала алатынын ескертеміз.