ТҰРҒЫНДАРДЫҢ САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫ МЕҢГЕРУІНЕ НЕ КЕДЕРГІ?

 

Коронавируспен күрес жұмыстары күшейді. Мемлекет тарапынан шектеу шаралары белгіленіп, карантиндік режим енгізілгеніне қарамастан, көшелерде адамдар мен автокөліктердің себепсіз жүруі сейілмеуде. Індетті жеңудің негізгі жолы–үйден шықпау екеніне құлақ түрмей жатқандардың көптігі сала мамандарын да алаңдатып отыр.

Тәртіп сақшыларының төтенше жағдай режимін бұзғандарға шара көруі біраз азаматтарға сабақ болып жатпағаны өкінішті. Еліміздің Денсаудық сақтау министрі «ауру мамандық пен адамды таңдамайды» деп жұқпалы дерт сақтық шараларын ұстанбаған кез келген адамға ауыз салуы мүмкін екенін дабыл қағып айтса да, жайбарақат жүретіндер жойылмауда.

Бүгінде Шымкенттегі банк бөлімшелері мен «Қазпошта» мекемелері алдында адам санының көптігі соған дәлел.

Төтенше жағдай жарияланғаннан бастап аталған мекемелерге бет алатын адамдардың қарасы тіпті көбейді. Олардың біразы төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны алумен жүр. Иә, Президенттің тапсырмасымен қолға алынған бұл көмек дер шағында көрсетілген жәрдем болды. Сөйтіп адамдар оны рәсімдеу үшін тиісті мекемелердің алдына барып, ұзын-сонар кезекке тұрды. Иін тіресіп тұрған сол жұрт 42500 теңгені алудың әлегімен жүріп, COVID-19 вирусының жұқпалы екенін қаперден шығарып кеткендей дерсің. Желілерде оған айғақ болатын сан фоталар жүктеліп жатты. Содан соң полицейлер мен еріктілердің араласуымен банк бөлімшелері, «Қазпоштаға», банк терминалдарының алдында кезекке тұрған азаматтардың алшақтықты сақтауы жолға қойылды. Бұл тек Шымкентте емес, өзге де өңірлерде орын алды. Осылайша қауіптің жолы кесілді десек те болады. Бірақ біздің айтайын дегеніміз бұл емес еді.

Сол 42500 теңгені алу тәртібін барынша қауіпсіз ету мақсатында Үкімет оны онлайн түрде рәсімдеудің бірнеше форматын бекітті. Соған сәйкес азаматтарға яғни, төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған ресми және бейресми жұмыс істейтіндер әлеуметтік төлемге өтінішті eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot бойынша Telegram-бот арқылы беруге болатыны мәлімделді. Және оны іске асырудың механизмі жан-жақты түсіндірілді.

Өз кезегінде бұл карантин режимін барынша сақтау кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалған қадам болатын. Бірақ бұдан соң азаматтардың банк бөлімшелеріне баруы азаймады. Оған аталған жәрдемақыны алу үшін көптеген азаматтардың бірде бір есепшот ашпауы себеп болды. Мемлекет тағы да есепшот ашу үшін мекемелерде ұзын-сонар кезектің қалыптасуын қысқарту мақсатында, қысқа мерзім ішінде оны қашықтан жасаудың форматын жасап шығарды. Соған сәйкес, Шымкентте «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» банктері өз қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді. Соның негізінде банктің мобильді қосымшасы, сайты және әр банктің ақпараттық орталығына қоңырау шал арқылы, шот ашып, оны «E-gov» электронды үкімет порталына тіркеп, ал картаның өзін карантиндік режим аяқталған соң жеке куәлікпен банк бөлімшелеріне орнатылған картоматтар арқылы бір минут ішінде шығарып алу жолға қойылды. Сондай-ақ, шоттағы ақшаны карта болмаған жағдайда QR-код бойынша шешіп алатыны мәлімделді.

Артық сабылысты болдырмайтын сандық технологияның тиімділігін мақсатты қолдана білген тұрғындар жетерлік. Бірақ халық ішінде қашықтан құжат рәсімдеуге бейімделмегендердің қатары жетерлік екенін банк алдындағы әлі де сақталып тұрған ұзын-сонар кезек көрсетіп отыр.

Шыны керек цифрландыру технологиясының қолдану аясын кеңейтуде барлық жағдайда халықтың ықыласы қолбайлау болып жатыр деп айтуға тағы болмайды. Көп аумақтарда ғаламтор желісі сигналының тым әлсіздігі де кесірін тигізіп отырғанын айта кеткен абзал.

Жуырда республикалық телеарналардың бірінде Шымкенттегі «Көкбұлақ» елді мекенінде интернеттің жоқтығынан балалардың қашықтан білім алуы, мұғалімдермен кері байланысқа шығуы қиынға соғып жатқаны көрсетілді. Осыған орай Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш қазіргі таңда тиісті мекемелер карантин режимі болған соң барлығы уақытша демалысқа шығып кеткенін, олар бұған дейін де байланыс операторларына осы мәселемен шыққанын, бұл оралымсыздықтың орны жуық арада шешілуі тиіс екенін мәлімдеді. Сонда халық бас көтеріп айтпаса, билік өкілдері «сен тимесең мен тиме» болып отыра берер ме еді кім білсін?

Қайткен күнде де мегаполис тұрғындарының цифрлық технологияның тілін біркісідей меңгеруі, сонымен қатар шалғай аудандарда ғаламтор желісінің қолжетімді болуын жолға қоюы әкімдіктің алға қойған негізгі мақсаты болуы керектігін бүгінгі уақыт анық көрсетіп отыр.

 

С. ИБРАГИМОВА.