ОРМАН ӨРТІ 19 МЫҢ ГЕКТАРДЫ ОТҚА ОРАДЫ

Елімізде су тасқыны кезеңі аяқталмай жатып, орман өртінің тіркелуі басталып кетті. Өрттің қауіпті кезеңі басталғалы бері республикада 55 орман және 434 дала массивтерінің өрті тіркелді. Өрттің жалпы ауданы 19 мың гектардан асады. Орман өртінің саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге артып отыр.

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша дала өрті Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында болған.

Жуырда Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары подполковник Ерік Сарыбаев өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте өзекті болып тұрған орман өрті мәселесіне тоқталды.

Өз кезегінде ол облыс аумағында жыл басынан бері 14 дала өрті тіркелгенін айтты. Салдарынан орман шаруашылығына шамамен 802,2 мың теңге материалдық шығын келген. Орман өртінің көлемі 2347,8 гектар. Оның ішінде орманды алқабы 287 гектар, ормансыз алқабы 2060,8 гектарды құрайды.

Департамент басысының орынбасары орман өртінің алдын алу мақсатында тиісті шаралар атқарылып жатқанын мәлімдеді.